25 қазан – Республика күніне орай Келес ауданының орталығынан шалғай орналасқан Жиделі ауылында Мәдениет үйінің ғимараты пайдалануға берілді. Заман талабына сай жабдықталған 75 орынды Мәдениет үйінің құрылысы өткен жылы бастау алған болатын.
Бұған дейін аудан әкімінің халықпен кездесуінде бұл мәселе бірнеше рет көтеріліп, тұрғындар Мәдениет үйін салып беру жөнінде өтініштерін айтқан болатын. Бүгін міне, ауыл тұрғындарының сол талап-тілектері орындалды. Жаңа нысанның ашылу салтанатына Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысып, тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады.
– Келес ауданы – қазақ өнері мен мәдениетінің көрнекті тұлғалары дүниеге келген, сабақтастықтың алтын тіні үзілмеген, ел-халықтың ықыласына бөленген таланттарға бай өлке. Осы жылы ауданда ауқымды жұмыстар атқарылады. Бүгін Жиделі ауылы жаңа мәдени нысанмен толықты. Бұл жерде ауыл тұрғындары ұлттық құндылығымыз бен мәдениетімізді насихаттайтын түрлі бағыттағы игі шаралардың куәсі болады деген сенімдемін. Алдағы уақытта да халықтың игілігіне бағытталған жобалар назардан тыс қалмайды. Осы ауылдан жыл соңына дейін жаңа білім нысаны ел игілігіне табысталады. Осылай ынтымағы мен бірлігіміз жарасқан ел болсақ, одан әрі қарыштап дами түсеміз, – деді аудан әкімі Жәнібек Есенұлы.
Айта кетейік, өткен жылы «Ошақты ауылдық округі, Жиделі ауылында 75 орындық ауылдық клуб құрылысы» бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін нысаналы трансферт есебінен 100000,0 мың теңге бөлінді. Мердігер «Асар строй групп» ЖШС-гі. Техникалық қадағалаушы «Жасыл Алем Сервис» ЖШС, авторлық қадағалаушы «СЭТпромтех» ЖШС.