
Бәйдібек аудандық мәдениет үйінде Ұлттық мереке — Республика күні аталып өтті. Салтанатты шараға аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов, аудандық мәслихат хатшысы Имангелді Түймебаев қатысып, барша аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады.
Баршаңызды ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! 1990 жылғы 25 қазан күні ел парламенті Республикамыздың егемендігі туралы Декларацияны қабылдады. Осы Декларация Тәуелсіздіктің бастауы болғаны баршаңызға белгілі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында жасаған ұсынысы бойынша, Республика күні еліміздің Ұлттық мерекесі мәртебесіне ие болды, – деді Ерлан Заипұлы.
Республика күні қарсаңында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, түрлі салаларда еңбек етіп, қоғамдық белсенді қызметі үшін бірқатар азаматқа «Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы» атағы берілсе, әскери борышын өтеу барысында елімізде болған су тасқыны салдарын жою жұмыстарында ерекеше азаматтығын танытқан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бұрынғы жауынгерлері Асхат Абу, Алмас Аймен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің естелік сағатымен және аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Сонымен қатар, елеулі еңбектері үшін сала мамандарына аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың алғыс хаттары мен Түркістан облыстық және аудандық мәслихаттарының грамоталары табысталды. Олардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет қызметкерлері, кәсіпкерлік саласының өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметшілер және еңбек ардагерлері бар.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Ұлттық құрылтай мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы Кәрімбек Құрманалиев аудан тұрғындарын ұлттық мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Мерекелік іс шарада аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен О.Тайманов атындағы өнер және саз мектебінің ұжымы арнайы дайындаған концерттік бағдарламасын ұсынып, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Сонымен бірге, Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмаханов бәйдібектіктерге Республика күніне орай құттықтауын жолдады:
«Құрметті аудан тұрғындары! Баршаңызды Ұлттық мереке — Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
2022 жылғы 16 маусымда Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.
«Бұл күн еліміздің мемлекетке деген батыл қадамының нышаны болуы тиіс. Әрине, Тәуелсіздік күні басты ұлттық мереке болып қала береді. Ол күні еркіндікке қол жеткізуге зор үлес қосқан ұлттық қаһармандарымыз құрметтелуі керек»,- деді Мемлекет басшысы.
Биыл егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде үшінші жыл атап өтудеміз.
Біз осы уақытқа дейін үш онжылдықты бастан кешірдік. Алғашқы онжылдық – еліміздің негізін қалау кезеңі, екінші онжылдық – еліміздің өрлеу кезеңі, үшінші онжылдық – еліміздің кемелдену кезеңінен өттік. Енді төртінші онжылдығына қадам бастық, бұл кезең бізге жаңа міндеттер жүктейді. Бұл бағытқа барлығымыз бірге, жұдырықтай жұмылып, жол бастауымыз керек.
Мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Кемелұлының Жолдауы мен мемлекеттік бағдарламалар аясында
Бәйдібек ауданында да ауқымды істер атқарылуда. Елді мекендерді газдандыру мен таза ауыз сумен қамту, инфрақұрылымды жақсарту, білім беру ошақтарын жаңарту, электр энергиямен қамту және басқа да өзекті мәселелер кезең кезеңімен шешімін табуда.
Өздеріңіздің қолдауларыңызбен елдегі ынтымақ пен бірліктің және еңбекке деген құштарлықтың арқасында өңіріміздің дәулеті мен сәулеті артып, әл-ауқатымыз жылдан-жылға жақсаруда.
Қадірлі жерлестер!
Егемендігіміз мәңгі болып, бірлігіміз нығая берсін.
Еліміздің әлеуметтік-экономикасы қарыштап дамып, ел игілігі жолында жасап жатқан істеріңізге әрдайым сәттілікке толы болсын! Отанымыз қазақ елінің тұғыры мәңгі биік болсын!
Бүгінгі мерекеде әр отбасыға бірлік пен береке, бақыт пен қуаныш тілеймін! Мереке құтты болсын!».