
Бүгін Түркістандағы «Рәміздер» алаңында 25 қазан – Республика күніне арналған Мемлекеттік туды көтеру рәсімі өтті. Алдымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимні шырқалып, Көк байрақ желбіреді. Салтанатты жиынға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, ел ағалары, жастар, қала тұрғындары қатысты.
– Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – еліміздегі ең маңызды мереке. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев І Ұлттық құрылтайда Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтару туралы бастама көтерді. Бұл бастаманы халық қолдады. Себебі, оның тарихи мәні бар. Бұл – ұлт үшін жанын құрбан еткен батыр бабаларымыздың төгілген қаны мен еңбегінің өтеуі. Асыл аналарымыздың ақ тілегінің жемісі. Сондықтан азаттықтың қадірін білуіміз керек. Жыл сайын Республика күні Президентіміз ту көтеру рәсімін өткізеді. Бұл іс-шара республиканың барлық өңірінде өз жалғасын табады. Міне, биыл да осы мақсатта Түркістан төрінде жүздесіп тұрмыз. Бүгінгі мереке Республиканы құрудағы тұлғалардың елеулі еңбегін дәріптейтін, азат ел екенімізді мақтан тұтанын күн екенін естен шығармайық.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Көк байрағымыз әрдайым көкте желбіреп, еліміздің мәртебесі биіктей берсін! – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Республика күніне орай Түркістан қаласында авто және велошеру ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шарада концерттік бағдарлама ұсынылып, отаншылдықты дәріптейтін әндер шырқалды. «Жаңа леп» өнер ұжымы хор орындады. Әскери оркестр Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін, ал «Сарын» тобы «Қазақстаным» әнін шырқады. «Айдай» би ансамблі мен жастар флешмоб көрсетіп, көпшілікке мерекелік-патриоттық көңіл-күй сыйлады.
Түркістан жұртшылығы маңызды мерекені жоғары деңгейде атап өтіп, мемлекеттік рәміздер дәріптелді. Бір-бірін мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін арнады.
Түркістандағы ту тұғырдың биіктігі 62,5 метрді құрайды. Байрақтың ені 12 метр болса, ұзындығы – 24 метр.
Айта кетейік, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Аталған декларация еліміздің тәуелсіздік алуына жол ашқан маңызды құжат болды. Декларацияда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері, ел аумағының тұтастығы жарияланды. Қазақ халқының мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету, ұлттық болмысты қалыптастыру әрі нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітіліп, көпшілікке ұсынылды. Осы декларацияның арқасында ел тәуелсіздігінің негізі қаланған болатын.
Түркістан облысының әкімі Дархат Сатыбалды түркістандықтарды Республика күнімен құттықтады: «Қадірлі жерлестер! Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Халқымыз үшін атаулы мерекенің тарихи мәні айрықша. Ұлт үшін құрбан болған, халық үшін аянбай қызмет еткен арыстар мен қайраткерлердің еңбегінің арқасында еліміз егемендікке қол жеткізді.
Тәуелсіз Қазақстанның басты жемістерінің бірі – киелі Түркістанның жаңаруы. Түркі әлемінің астанасына айналған қасиетті шаһар енді жаңа статусқа ие болуда. Түркістанның ерекше мәртебесі туралы заң Парламентте қаралып жатыр. Осы арқылы тарихи шаһардың абыройы аспандай түспек.
Биыл облыстың құрылғанына енді 6 жыл толса да, өңір нақты жетістіктерге қол жеткізіп, елдің дамуына өз үлесін қосуда. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес, өңірімізде өндірісті дамытуға, инвестиция тартуға, экономиканың құрылымын өзгертуге басымдық беріп отырмыз. Жаңа зауыттар, өндіріс орындары ашылып жатыр. Биылдың өзінде су үнемдеу технологияларын шығаратын зауыттар ашылды. Әлеуетті инвесторлармен сәтті келіссөздер жүргізіліп, маңызды жұмыстар басталды. Инвестиция тарту бағытында елімізде үздіктер қатарындамыз.
Түркістан облысында құрылыс бәсеңдеген емес. Әлеуметтік нысандар бой көтеріп, ел игілігіне пайдалануға тапсырылуда. Ауылдар мен елді мекендерді сапалы инфрақұрылыммен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Адам капиталын арттыру, жастарға сапалы білім беру, қолдау көрсету де маңызды іс. Сондықтан аймақта әлеуметтік сала, денсаулық сақтау саласында да ел еңсесін тіктейтін жұмыстар атқарылуда.
Облыста білім саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Балалардың мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 100 пайызға жақындады. Екі жыл көлемінде облыста 50 мектеп салынады. Жуырда ғана «Жайлы мектеп» жобасы арқылы алғашқы мектепті тапсырдық. Осы жоба арқылы мектеп тапшылығы мәселесі толық шешілмек.
Құрметті Түркістан жұртшылығы!
Алаш арысы, ұлт қайраткері Әлихан Бөкейханұлының «Әділдік жоқ жерде береке-бірлік болмайды» деген сөзі бар. Біз өңірді, республиканы дамытамыз десек, ең алдымен бәріміз әділдікке бас июіміз керек.
Әділдік – өз қызметіңді адал атқару, елге шынайы қызмет ету. Сондықтан баршаңызды Республика күнімен құттықтай отырып, өңірді өркендету жолында адал қызмет етуге шақырамын!
Бірлігі жарасқан халқы барда, тарихи аймақ дами беретіні сөзсіз.
Баршаңызға ұзақ өмір, зор денсаулық, қажымас қайрат тілеймін! Аспаны ашық, шекарасы берік, керегесі кең, терезесі тең мемлекетіміздің болашағы жарқын болсын!».