Кентау қаласында Республика күніне орай «Кентауым- мәуелі гүл бағым» атты аймақтық ақындар айтысы өтті.

Аламан айтыстың ашылуында қала әкімі Жандос Тасов мерекелік құттықтау сөз сөйлеп, ақындарға сәттілік тіледі.

Дүбірлі доданы ақын Тұрар Тлеулиев жүргізіп, жан-жақтан келген барлығы 12 ақын өнер көрсетті.

Қара домбыраны серік етіп, жұрт алдында кестелі сөзбен күмбірлеткен айтыскерлер Кентау қаласының тарихын айтып, бүгінгі таңдағы даму жолындағы бағыттары мен қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғады.

Ақындардың әрбір сөзіне мән беретін қазылар алқасында ақын, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, “Қазық жұрт” жыр жинағының авторы, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының мүшесі — Анарбаев Бекмұрат Сапарханұлы төрағалық етті.

«Сауран» газетінің бас редакторы. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,«Түркістан қаласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері — Сарыбаева Ләззат Қаныбекқызы, айтыскер ақын-Нұрлыбек Мейірманов, ұстаз, ақын — Саттібай Айтбаев, ақын, Дәстүрлі әнші-термеші, Қ.Р Мәдениет саласының үздігі — Аязбек Рустамов қазылар алқасының қатарында болды.

Айтыс нәтижесінде сайыстың бас жүлдесі айтыскер ақын Баянбай Ахметрасул жеңіп алса, 1 орынды Жанарыс Ибадулла, 2 орынды Карима Оралова және Бекарыс Шойбеков иеленсе, 3 орынды Нұрмахан Жақыпбек, Нұрдәулет Өмірбек, Бексұлтан Орынбасаровтарға бұйырды.

Аймақтық айтысқа қатысушыларға арнайы алғыс хаттар, дипломдар мен қомақты көлемдегі қаржылай сыйақылар табысталды.

Кентау төрінде өткен айтыс халықтың рухын түлетіп, ерекше сезімге бөледі.

Сонымен бірге, Кентау қаласының әкімі Жандос Қалмырзаұлы Тасов кентаулықтарды Республика күнімен құттықтады: 

«Құрметті жерлестер! Баршаңызды бүгінгі еліміз үшін маңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бүгінде араға біраз жылдар салып «25 қазан Республика күні» ұлттық мереке ретінде бекітілді. Бұл күн – ата-бабамыздың арманы жүзеге асып, елімізге еркіндік сыйлаған Ұлы күн. Республика күнінің қазіргі өскелең ұрпақ үшін маңызы жоғары.

Алдыңғы буын аға-әпкелеріміздің егеменді ел болуға ұмтылған ерен ерліктері бүгінгі күні Егеменді ел жастарының жарқын істерімен, жалынды бастамаларымен өз жалғасын табуда.

Сондай-ақ, бұл күн еңбек майталмандары марапат алып, құрмет-қошеметке бөленетін кез.

Осынау айтулы мереке қарсаңында Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Әрбір шаңыраққа бақ-береке және ырыс тілеймін! Еліміздің мәртебесі тек жоғарылап, биікке шарықтай беруіне тілектеспін! Мереке құтты болсын!».