
Бүгін 25 қазан – Ұлттық мереке, Республика күніне орай аудан орталығындағы «Мыңжылқы» мәдениет сарайында «Қазақстан — туған елім, ұлы өлкем» атты салтанатты шара өтті. Шара барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны әуелете шырқалып, А. Жұбанов атындағы балалар саз мектебінің оркестрі күмбірлете күй орындады.
Салтанатты шараның ашылуында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков сөз сөйлеп, мерекелік құттықтауын жеткізді.
«Бұл күн – біздің тарихымыздың маңызды парақтарының бірі. Халқымыздың егемендігі мен тәуелсіздігін қадірлейтін мереке. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағанда, біз ғасырлар бойы арман еткен бостандығымызға қол жеткіздік. Республика күні – осы тәуелсіздікке жету жолындағы күрестің символына айналды. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл декларация біздің мемлекетіміздің жаңа тарихын бастады. Ұлттың ұлттық болмысын, мәдениетін, тілін сақтау және дамыту үшін маңызды қадам болды.
Алайда, 2009 жылы “Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы” заңға енгізілген өзгерістер нәтижесінде Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен шығарылды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда: «Республика күні еліміздің мемлекеттілікке бағытталған тарихи қадамының символына айналуы тиіс», – деп 25 қазанды қайтадан Ұлттық мереке ретінде атап өтуді ұсынды. Осылайша, қоғамдық қолдауға ие болған атаулы күнді ел Президенті қайта жаңғыртты.
Бүгінде, 25 қазан – біз үшін тек мереке ғана емес, бұл – біздің өткенімізді, бүгінімізді және болашағымызды байланыстыратын алтын арқауға айналды. Осы жолда кеткен тер мен еңбекті, аянбай күрескен батырларымызды еске ала отырып, халқымыздың бірлігі мен ынтымағын, ұлттық құндылықтарымызды сақтау мен дамыту – баршамыздың ортақ міндетіміз», – деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.
Мереке аясында ауданымыздың дамуына айрықша үлес қосқан бірқатар азаматтарға Түркістан облысы әкімінің «Құрмет Грамотасы» мен алғыс хатын табыс етіп, құрмет көрсетті. Аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев аудан тұрғындарына жылы лебізін білдіріп, бірқатар азаматтарды марапаттады.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов мерекелік құттықтауын жеткізіп, «Мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» Қоғамдық бірлестігінің Созақ аудандық филиалының төрағасы, ақын, тарихшы, ҚР Мәдениет қайраткері Мыңжасар Асқаров бірқатар сала үздіктеріне «Еңбек озаты» төсбелгісі мен Мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподағы Түркістан облыстық комитетінің «Құрмет Грамотасын» табыстады.
Салтанатты жиын концерттік шараға ұласып, әсем әнмен өрнектелді. «Мыңжылқы» мәдениет сарайының өнерпаздары патриоттық әндер орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Шараға жиналған жұртшылық «Мыңжылқы» мәдениет сарайының фоесінде қойылған көрмені тамашалады.
Сонымен бірге, Созақ ауданы әкімі Мұхит Тұрысбеков созақтықтарға Республика күніне орай құттықтауын жолдады:
«Құрметті жерлестер! Қадірлі аудан тұрғындары! Баршаңызды 25 қазан – Ұлттық мереке, Республика күнімен құттықтаймын!
Бұл күн – біздің тарихымыздың маңызды парақтарының бірі. Республика күні – қазақ елінің ұлт болып қалыптасуында, тәуелсіздік жолында жүргізген тарихи күресінде айрықша орын алатын күн. 20 ғасырдың басында қазақ зиялылары ұлттық сана-сезімді оятып, елдің болашағы үшін күрес жүргізді. Бұл дәуірдің рухы – біздің қазіргі заманымыздың негізі.
1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағанда, біз ғасырлар бойы арман еткен бостандығымызға қол жеткіздік. Республика күні – осы тәуелсіздікке жету жолындағы күрестің символына айналды. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл декларация біздің мемлекетіміздің жаңа тарихын бастады. Ұлттың ұлттық болмысын, мәдениетін, тілін сақтау және дамыту үшін маңызды қадам болды. Алайда 2009 жылы “Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы” заңға енгізілген өзгерістер нәтижесінде Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен шығарылды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда: «Республика күні еліміздің мемлекеттілікке бағытталған тарихи қадамының символына айналуы тиіс», – деп 25 қазанды қайтадан Ұлттық мереке ретінде атап өтуді ұсынды. Осылайша, қоғамдық қолдауға ие болған атаулы күнді ел Президенті қайта жаңғыртты. Бүгінде 25 қазан – біз үшін тек мереке ғана емес, бұл – біздің өткенімізді, бүгінімізді және болашағымызды байланыстыратын алтын арқауға айналды.
Құрметті жерлестер!
Тәуелсіздік жолында жеткен жетістіктерімізді бағалай отырып, болашаққа нық қадам басуымыз керек. Осы жолда кеткен тер мен еңбекті, аянбай күрескен батырларымызды еске ала отырып, халқымыздың бірлігі мен ынтымағын, ұлттық құндылықтарымызды сақтау мен дамыту – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Баршаңызды тағы да Республика күнімен құттықтай отырып, Сіздерге және отбасыларыңызға баянды бақыт, денсаулық тілеймін! Еліміздің өркендеуі жолында жаңа жетістіктерге жетіп, еліміз аман, жеріміз тыныш, болашағымыз жарқын болсын!».