1903 жылғы екінші партсъезде өмірге әкелгеннен бері Ленин отынын үстемелеп салып, алауын лаулатып жағып келе жатқан большевизм тап туын көтеруші ретінде Байтұрсынұлы айтқан ұлт зиялыларына түбегейлі сенім артуды, әрине, ойына да алмайтын. Әрі Байтұрсынұлы нұсқаған «ғасырлар бойы орыс халқының …бұратаналарға шексіз үстемдік ету рухында тәрбиеленіп келе жатқаны» жаңа империя құрып жатқан большевиктер үшін патшалықтың айыпталуға тиіс қасиетіне жатпайтын. Керісінше, тап осы «артықшылықты» жаңа идеялық қызыл бояу жағып, өзге тектілерді «аға халықтың туысқандық көмегі» арқасында жаңаша біріктіру ісіне пайдалану көзделген-тін…

Қазревком құрамындағы ұлт қайраткері Ахаң Совет үкіметін басқарып отырған нөмірі бірінші большевик Ленинге тапсырған аталмыш хаттан төрт ай өткенде, 1920 жылғы қазанда Қазақстанның Құрылтайшы Советтер съезі болды. Советтік автономия жарияланды. Қазақ Республикасы құрылып, оның Орталық Атқару Комитеті (ҚазОАК, КазЦИК, Қазатком) сайланды. Содан, қазақ өкіметінің жұмыс істей бастағанына екі айдай ғана уақыт болғанда, Қазақ облыстық партия комитетінің хатшысы Кулаков пен Қазақ Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Радус-Зенькович орталық мекемелерде істейтін жауапты қазақ қызметкерлерінің жалпы жиналысын шақырды.

Жиналыста баяндама жасаған обком хатшысы алда тұрған міндеттер тұрғысынан қазақ қызметкерлеріне сын садағын бағыттады, оларды мәселені бұрмалауға әзір тұрған ұлтшылдар деп ғайбаттады. Сонда жарыссөзге бірінен соң бірі құлшына шыққан шешендер – Қазақ Орталық Атқару Комитетінің мүшелері Смағұл Сәдуақасов пен Дінше Әділов бастаған жас қайраткерлер үкіметтің жүргізіп отырған саясатын күні кешегі отаршылдық жолдың жалғасы ретінде әшкереледі. Бұл саясат ұлттылық сипатты сақтау, ұлт мүддесін қорғау мағынасындағы ұлтшылдықты қыспаққа түсіруде, тіпті ығыстырып тастауда деп ұққандықтан, аталған басшыларға (Кулаков пен Радус-Зеньковичке) қарсы қатты сыни сөздер айтты.

Қызу жүрген жиналыс обком хатшысын орнынан алу туралы қаулы алды. Соған сәйкес 1921 жылғы 20 қаңтардағы Қазақ облпарткомының пленумы Кулаковтың Қазақ Республикасында бұдан әрі жұмыс істеуі мүмкін емес деген шешім қабылдайды. (Бұл ұлт қайраткерлерінің алғашқы, сонымен бірге соңғы да саяси жеңісі болатын. Одан кейін мұндай ірі жеңіске қол жеткізілген емес, ұлттық мүддені күйттеушілер негізінен жеңіліс тауып жүрді).

Аталған саяси жеңістен бір апта өткенде, 1921 жылғы27 қаңтарда, Қазақ Халкомкеңесінің төрағасы Виктор Радус-Зенькович Ағарту халық комиссары Ахмет Байтұрсынұлына мінездеме жазды. Мінездемесінде оның комиссарлық қызметін теріс бағалай отырып: «Жалпы дайындығы жақсы, дәріскерлік, әдебиетшілік жұмысқа неғұрлым жарамды», – деп бір қырына тәуірірек баға береді, сосын одан әрі: «Ұлтшылдық сезімдері күшті, онысы алдағы мақсатты дұрыс түсінуге кедергі келтіреді. Терең емес, ұсақ-түйекке күш сарқады», – деп теріс сипаттай келе, оған партиялық тұрғыдан мүлдем сенім артуға болмайтынын тұжырымдайтын қорытынды жасайды.

Ресей Федерациясы Халкомкеңесінің төрағасы, большевиктер партиясының серкесі, бас коммунист Владимир Ленин бұратаналардан шыққан қатардағы коммунист Ахмет Байтұрсыновтың патшалық империядан мұра боп қалған ұлттық астамшылықты даусыз факт ретінде мойындау қажеттігі хақындағы ескертпесін, жоғарыда айтқанымыздай, елеусіз қалдырды. Содан үлкенді-кішілі чиновниктер мен қара халықтың патша заманынан бері өзге тектілерге шексіз үстемдік ету рухында тәрбиеленіп келе жатқан өмір салты совет заманында да сабақтастық тапты. Тек оған басқа реңк, жасампаз ұран телінді. Нәтижесінде «интернационалдық бағытқа» бірден көндіге қоймаған «ұлтшылдық» көріністер күйдіргі боптез көзге түсіп жатты.

Осындай көзқарас салдарынан Совет билігі ұлт мәселесіне бұрмалаңқы тұрғыда қарады. Сөйтіп азаттық күрескері Ахмет Байтұрсынұлына және жалпы ұлтшыл делінетін зиялыларға қарсы қуғын-сүргінді 1928–1932 жылдарғы саяси репрессиялармен, сосын 1937 жылғы Үлкен террормен түйіндеді. Біз біршама тілге тиек еткен Ахаңның Ленинге ұлт мәселесін шешу жолын көрсеткен маңызды хаты совет өкіметі тарих сахнасынан кеткенге дейін архив қойнауында жасырылып жатты.

Бұл саяси мәні зор құжатты тек Ұлы Ұстаздың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында атап қана қоя салмай, бүгінгі жастар, тіпті билік буындарындағы қызметкерлер де, өздерінің азаматтық позициясын бекемдеуіне пайдаланса жақсы болар еді.

Б.Қойшыбаев, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты