Келес ауданы білім бөлімінің ұйымдастыруымен Ә.Кенжеев атындағы мәдениет үйінде 5 қазан — Мұғалімдер күні ерекше форматта атап өтілді. Ісшараға келген ауданның 500 мұғалімі қызыл кілеммен жүріп, үздік мұғалімдер шеруі ұйымдастырылды. Ісшараға қатысқан Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудан ұстаздарына алғыс білдірді.
– Мұғалімдер күні шын мәнінде бүкіл халықтық мереке. Бұл мейрамның қоғам өмірінде алар орны ерекше. Әсіресе, мектеп қабырғасында болған барлық жанның жүрегінде бүгінгі күн мәңгіге сақталады. Шәкірттің сәулелі сәтін ғана емес, сонымен қатар жарқын болашағына жасайтын маңызды қадамын да ұстаз бағыттайды. Қадірлі ұстаздар, білім шаңырағындағы әр сағатыңыз қызықты сабақтармен, таңғажайып жаңалықтарымен ұштассын! Барлығыңызға мәлім бүгінгі күні ұстаз мәртебесін ата-аналардың алдында ауыз толтырып айта алмаймыз. Барлығымыз ұстаз мәртебесін көтеруде бірлесе жұмыс жасағанымыз дұрыс деп санаймын, — деді аудан басшы Жәнібек Есенұлы.
Ісшарада көп жылдық тәжірибесі бар ауданның үздік ұстаздары “Ы.Алтынсарин” төсбелгісімен, Түркістан облысы білім басқармасының, Келес ауданы білім бөлімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Мерекелік концертте ауданнан шыққан елімізге танымал Сержанәлі, НұрҚожа сынды әншілер ұстаздарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар “Camerata Shymkent” квартеті, Балалар Саз үйі мен Оқушылар үйінің тәрбиеленушілері, білім беру мекемелерінің ұстаздары, №5 жалпы білім беретін мектебінің музыка пәні мұғалімі Светлана Манап, О.Есімов атындағы жалпы білім беретін мектебінің хор ұжымы өнер көрсетті.
Айта кетейік, бүгінгі таңда, ұстаздың мәртебесін көтеру және материалдық жағдайын жасау республика деңгейінде көтеріліп, «Педагог мәртебесі туралы» Заң аясында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бір ғана мысал, әлемдегі ұстаздардың ең үлкен еңбек жалақысы – Германияда, сосын Жапония мен Францияда екен. Болашақта біз де осы деңгейге шыға аламыз деген сенімде болуымыз керек. Мемлекет басшысы осы мәселені 2019 жылғы конференцияда атап өткен болатын. Содан кейінгі 4 жылда ішінде педагогтардың жалақысы 2 есеге өсті.
Сонымен бірге, Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев келестік ұстаздарды мерекелерімен құттықтады: «Құрметті ұстаздар қауымы!
Ардақты білім саласының ардагерлері!
Сіздерді, Білім саласы қызметкерлерін төл мерекелері — Мұғалімдер күнімен құттықтаймын! Сіздердің мамандықтарыңыз елдегі ең қадірлі, ең мерейлі әрі аса жауапты қызмет. Себебі, Қазақстанның болашағы сіздердің қолдарыңызда. Баланың болашағы, оқуда қандай жетістікке жететіні, өмірде қаншалықты табысты, іскер болатыны тікелей тәлімгерге байланысты.
«Ұстаздық етпес жалықпас үйретуден балаға» — деген ұлы Абай бабамыз. Сіздер жас ұрпақтың санасына енгізетін тәлім – тәрбие, үлгі — өнеге өлшеусіз. Сіздер – жастардың болашағын айқындайсыздар, бүгін еккен дәндеріңіз ертеңгі жеңісті — жемісті күннің кепілі. Ұстаз болашақ азаматтарды ғана емес, бүкіл болашақ қоғамды қалыптастырады.
Бүгінде Келес ауданының білім бөліміне қарасты 63 білім ошағы болса, онда 4 007 педагог оқушыларға білім нәрін беруде. Соның ішінде педагог-модератор санатындағы мұғалімдердің саны 864-ті құрайды. Сонымен қатар 1 144 педагог-сарапшы болса, 762 мұғалім педагог-зерттеуші болып қызмет атқарады. Шебер педагогтердің саны 32-ні құрап, 1 257 кіші қызметкер білім саласында еңбектенеді.
Жыл сайын мұғалімдердің табанды еңбегінің нәтижесінде көптеген оқушылар жоғары көрсеткіштерге жетіп, өңіріміздің атаған асқақтатуда. Мұғалімнен өнеге-білім алып, өмір теңізіне құлаш ұрған кез келген шəкірт ұстазымен мақтанады. «Мектептің жүрегі», «Бала жанының бағбаны»… Иə, бұл мектеп мұғалімі — ұстазға арналған теңеулер. Мұндай мадақтауларды жалғастыра берсек, даналық сөздер тізбегі шексіздікке ұласады.
Мерейлі мерекеде дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, істеріңізге сəттілік тілеймін».