Түркістан облысында өндірісті дамыту, инвестиция тарту, терең өңдеу саласын дамыту бағыттарына басымдық берілген. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тұрақты бақылауында.
Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 2026 жылдың қаңтар-қазан айларының қорытындысы бойынша Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы сақталды. Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша жоспарлы межелер орындалып, өңірдің қысқа мерзімді экономикалық өсімі 117,6 пайызды құрады. Өңір бұл көрсеткіш бойынша республикада І орында. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен мәжілісте айтылды. Жиында облыстың негізгі экономикалық көрсеткіштері сараланып, жоспарлы межеге қол жеткізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.
Қанат Қайыпбек жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізе алмаған аудан, қала әкімдіктерінің жұмысына сын-ескертпелер айтып, экономикалық өсімді қамтамасыз ету, инвестициялық жобаларды уақтылы іске асыру және негізгі салалардағы межелі көрсеткіштерді орындау бойынша жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Жиында Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Арайлым Жаңабайдың баяндамасы тыңдалды. Оның мәлімдеуінше, есепті кезеңде өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,5 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 123,8 пайызды құрады. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібінде 763,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 133,4 пайызға жетті. Ал тау-кен өнеркәсібінің көлемі 644,2 млрд теңгені құрап, өсім 116,6 пайыз деңгейінде қалыптасты.
Ауыл шаруашылығы саласында 1,3 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 107 пайызды құрады. Оның ішінде, мал шаруашылығында 458 млрд теңге, өсімдік шаруашылығында 784,9 млрд теңгенің өнімі өндірілді.
Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 1,5 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 113 пайызға артты. Құрылыс жұмыстарының көлемі 586 млрд теңгені құрап, өсім 120,6 пайыз деңгейінде қалыптасты. Сонымен қатар 988,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Сауда саласында 957,4 млрд теңгенің өнімі мен қызметі көрсетіліп, өсім 127,1 пайызға жетті. Көлік және қоймалау қызметтерінің көлемі 269,4 млрд теңгені құрап, 111,3 пайызға артты. Байланыс қызметінің көлемі қазан айында 11 млрд теңгеге жетіп, өсім 111,6 пайызды құрады.
Экономикалық өсімнің жоғары қарқынын сақтау мақсатында өңірде инвестициялық жобаларды іске асыруға және жаңа өндіріс орындарын ашуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта аудан, қала әкімдіктеріне инвесторлармен жұмысты жандандыру, жобалардың жүзеге асу барысын тұрақты бақылау және туындаған мәселелерді жедел шешу міндеттері жүктелген. Әсіресе, жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті тұрғындардың тұрақты табысын арттыруға мүмкіндік беретін жобаларға басымдық берілуде.
Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемінің артуы облыс экономикасының құрылымын әртараптандыруға оң ықпал етіп отыр. Шикізатты дайын өнімге дейін өңдеу, өндірістік қуаттарды кеңейту және заманауи технологияларды енгізу арқылы қосылған құны жоғары тауарлардың үлесін арттыру көзделген. Бұл өз кезегінде өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы саласындағы оң көрсеткіштер де облыстың экономикалық дамуында маңызды орын алады. Өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, сақтау және өткізу инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігі атап өтілді. Сонымен қатар шаруашылықтарға заманауи технологияларды енгізу мен өндіріс тиімділігін арттыру мәселелері өзекті болып отыр.
Жиында экономикалық көрсеткіштерді одан әрі жақсарту үшін барлық деңгейдегі басшылардың жауапкершілігін күшейту қажеттігі де назардан тыс қалмады. Әрбір аудан мен қала өзіне бекітілген жоспарлы міндеттерді орындап, экономикалық өсімге нақты үлес қосуы тиіс. Осы мақсатта инвестициялық жобалардың орындалу барысын бақылау, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және салалардағы өзекті мәселелерді шешу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі.
Жалпы, 2026 жылдың он айындағы қорытынды Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты өсім бар екенін көрсетті. Республика бойынша қысқа мерзімді экономикалық өсім жөнінен бірінші орынға шығуы – өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі. Алдағы кезеңдегі негізгі міндет – қол жеткізілген оң динамиканы сақтап, өндіріс көлемін ұлғайту, инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыру және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған экономикалық дамуды қамтамасыз ету.
