Сұлтанбек Қожанұлы – түркі дүниесіне айтулы еңбек сіңірген, өшпес, өлмес із қалдырған ірі тарихи тұлғалардың бірі де бірегейі. Мемлекет және қоғам қайраткері, сонымен қатар руханият әлеміне, атап айтар болсақ қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан дарынды тұлға, қарымды қаламгер. Ұлтын сүйген ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығын, даналық тағлымын, қайраткерлік қасиетін танып білу, өскелең ұрпаққа насихаттау біз үшін қымбат та құнды жәдігер.

Сұлтанбек Қожанов сынды көп қырлы талант иесінің өмірі мен өнерін үлгі тұту, әдеби мұралары мен дүниетанымдық көзқарасын айқындау, бүгінгі мәдени өмірімізден алатын орнын айрықша тану біз үшін үлкен парыз. Бүкіл саналы ғұмыры желдің өтінде, жардың шетінде өткен елінің, ұлтының бостандығын, тәуелсіздік таңын аңсаған еңбегі мен есімі ел тәуелсіздігін алған шақта ғана еленіп, ескеріліп туған халқымен қауышқан Сұлтанбек Қожанұлы 1894 жылы 10 қыркүйекте бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданына қарасты Ақсүмбе елді мекенінде дүниеге келген. Жастайынан оқу-білімге деген құштарлығын аңғарған әкесі Қожан оны текті топырақ Түркістан қаласындағы төрт жылдық орыс-түзем мектебіне оқуға береді. Зерделі шәкірт алғашқы тәлім-тәрбие ордасын үздік аяқтап, одан әрі үш сыныптық қалалық училищеге оқуға түседі. Бұл кезең шәкірт Сұлтанбек үшін үлкен өмір мектебіне айналды. Сыр бойындағы ағартушылық мектептің аса ірі өкілдері Қалжан Қоңыратбайұлы, Қоңырқұлжа Қожықұлы, Ахмет ишан Оразайұлы, Ералы Қасымұлы, Садық Өтегенұлы, Серікбай Ақайұлы секілді танымал тұлғалардың ақыл-кеңесін тыңдап, дұрыс бағыт-бағдар ала білді.

Кейбір дерек көзі бойынша 1912 жылы Түркістан қаласына сапарлап келген, патша үкіметінің қуғын-сүргінінен бой тасалаған Міржақып Дулатұлымен жолығып, дидарласуы болашақ қайраткердің саяси таным-түсінігіне айрықша әсер еткен. Сондай-ақ, жергілікті халық арасында сыртқы түр әлпетіне қарай «Ұзынсақал» атанып кеткен орыс тілінің оқытушысы, өзгелерден ойы оқшау ұстаз Иван Михайлович Яковлев ішкі Ресейдегі қоғамдық әлеуметтік ахуалдан да жан-жақты хабардар етіп, саяси тұрғыдан жетіліп, қоғам тіршілігіне ертерек араласуына септігін тигізді.

Ұлтын сүйген ұлы тұлға Сұлтанбек Қожановтың өмірбаяндық деректеріне жіті назар аударсақ халқының мүддесі үшін қай-қай жерде де аянып қалмағанын, қашанда бойын бостандық идеясы кернеп тұрғанын, тұла бойы тұнып тұрған қайраткерлік екенін, халық мүддесі қаралған әрбір істе белсенділік танытқанын аңғарамыз. Биыл Сұлтанбек Қожанұлының 125 жылдық мерейтойы, өзі армандаған тәуелсіз елі ұлтын сүйген ұлы тұлғаны ұлықтап жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Әрбір өскелең ұрпақ Сұлтанбектің өміршеңдігінен, қайраткерлігінен сабақ алса еліміздің ертеңіне деген сенім мол болары сөзсіз.

Ақсүмбе БОСТАНОВ,

С.Ерубаев атындағы әдеби-мәдени музейінің меңгерушісі.