
Кентау қаласында «Ақылдыммен Ақылдымын» балалар байқауының іріктеу кезеңі өтті.
Байқауға қатысушы балалар үш кезең бойынша сайысқа түсіп бақ сынады. Сайыстың бірінші кезеңі бойынша «Адамгершілік, ізгілік, қайырымдылық» тақырыбында эссе жазып оны сахнада қорғады. Екінші кезең бойынша балалар жетекшілерінің көмегімен қабырға газетін шығарып, зерттеу жүмыстарын жүргізді. Байқаудың үшінші кезеңі бойынша балалар өздерінің сүйікті шығармалары бойынша сахналық қойлым, өлең оқып, сахна көркін ажарландыра түсті.
Байқауға Республикалық «Ақылдым» журналының редакторы Бейсенкүл Нарымбетова, облыстық «Фараб» кітапханасының қызметкері Дана Тәженова және Кентау қаласының жергілікті қаламгер ақыны Мұхит Махажанов төрелік жасады.
Баланың ақылды, ізденімпаз, ұшқыр ойлы болып өсуі үшін, сөз бен ойдың көркемділігінің негізі кітапта екенін ұғындыру мақсатында өткен бұл байқауда балалар өздерінің шығармашыл, ойы жүйрік, дарынды екендіктерін таныта білді.
Байқау нәтижесінде Садуллаева Сарвиноз өз өнерін жоғары дәрежеде көрсетіп, байқаудың финалына жолдама алды. Хантағы ауылының қатысушысы Айдарбекова Кәусар жүлделі І орынды иеленсе, Байылдыр ауылынан келген Жұмабек Арайлым ІІ орынды, ал Абдуғаппар Балжан, Шора Мұхаммед және Мамырбаев Дінмұххамед ІІІ орынды қанжығаларына байлады. Барлық қатысушылар диплом, алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтармен марапатталды.