
Кітапхана қорындағы Сұлтанбектану әлеміне шолу.
- Сұлтанбек Қожанұлы таңдамалы шығармалар архивтік құжаттар кітабында — Сұлтанбек Қожанұлының таңдамалы шығармалары мен оның қоғамдық саяси қызметіне қатысты Ресей, Өзбекстан, Қазақстан архивтерінен табылған құжаттар топтастырылған. Енгізілген материалдар С.Қожанов қызмет жолын, көзқарас эволюциясы мен тағдыр – талайын жүйелі түрде пайымдауға қолайлы болуы үшін хронологиялық тәртіп бойынша берілді. Жинақтың алғашқы бөлімінде қаламгер – қайраткердің қоғамдық – саяси, оқу – ағарту, шаруашылық, әдебиет руханият тақырыбындағы мақалаларымен қоса, өлеңдері мен аудармалары енгізілген. Кітаптың екінші бөлімінде С.Қожанұлының қайраткерлік тұлғасын ашып көрсететін өмірбаяндық құжаттары, анықтамалар, мандаттар, бұйрықтар, каулы – қарарлар, түрлі мәжіліс хаттамалары мен олардың үзінділері, билік құрылымында жолданған жедел хаттар, мәліметтер мен қызметтік жазбалар жинақталды. Жинақ қоғамдық – гуманитарлық ғылымдар саласының мамандарына, жоғары оқу орныдарының студенттеріне, магистранттары мен докторанттарына және ұлт тарихына қызығатын көпшілік қауымға арналған.
- Сұлтанбек Қожанов кітабы — 1917 жылғы революциялар толқынындар жарқырап шыққан Орта Азия мен Қазақстан тарихындағы көрнекті тұлға Сұлтанбек Кожановтың еңбегі туралы баяндалған. Алашорда дәуірінен бастап қазақ жер суын бір шаңыраққа біріктіру жағында болды, Кеңес дәуірінде оны жүзеге асырушылардың алдыңғы сапында жүрді.
Түркістан Республикасы мен Қазақ Республикасы жоғары басшылығында ұлт мүддесі үшін жанқиярлықпен еңбек етті. Сталин тізімі бойынша «үлкен қызыл террор» құрбаны болды. Оның өмір жолы мен қызметі жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Орынбекұлы Қойшыбаевтың көпшілік назарына ұсынылып отырған осы кітабында баяндалады.
- Шығыстың Сұлтанбегі кітабы — Нұрғали Қыдырбаевтың кезекті жинағы халқымыздың біртуар тұлғаларының бірі Сұлтанбек Қожанұлының тарихи бейнесін сомдауға арналған «Шығыстың Сұлтанбегі» хикаяты енген. Сонымен бірге бүгінгі замандастардың ішкі ой – пікір әлемі мен олардың психологиялық дүниетанымын танып – білуге елеулі ұмтылыс жасалған әңгімелері және балалар тақырыбына байланысты жазылған көркем дүниелері мен көркем аудармалары енген. Қаламгердің шығармаларында оқиғаның дамуы мен кейіпкерлер бейнесін айшықтауда соны ізденістер байқалады. Жинақтағы хикаят және көркем әңгімелер оқырманды адамгершілік құндылықтарын бағалай білуге, өзара сыйластыққа, тату-тәтті қарым – қатынасты орнықтыруға және имандылыққа үндейді. Алаш арысы- Халқымыздың жарқын болашағы үшін аянбай күресіп, солжолда жазықсыз мерт болған аяулы азаматымыз Сұлтанбек Қожановтың ерлікке толы күрес жолы мен шығармашылық еңбектері еліміз тәуелсіздік алған жырлардан кейін ғана қолға алынып, лайықты өз бағасын алып отыр.
- Алаштың бір асылы – Сұлтанбек Қожанов кітабы — С.Қожановтың қоғамдық – саяси, шығармашылық қызметі мен өршіл рухпен өрілген өнегелі өмірі мен қиында қысталаң тағдырына қатысты ғылыми, әдеби және естелік мақалалардан құралған. Кеңестік тоталитарлық билік «ұлтшыл» деп қуғынға салған қайраткер ел жадында ұлттық мемлекеттілікті қалыптастырудың бастауында тұрған нағыз ұлтжанды тұлға болып қалуы тиіс. Кітаптың мазмұны осы идеяны өзек етеді. Кітап елім, жерім деген отансүйгіш, ұлтжанды ұрпаққа ұлағат ретінде қалың оқырманға қауымға арналған.
Сұлтанбек Қожановтың бойтұмардай қастерлі, құдіреті саналуан өнегелі өмір жолдарының бір парасы баяндалатын үш бөлімді деректі жинақ: 1-бөлім – Сұтанбек Қожанов және қазақ зиялыларының ой–пікірлері; 2-бөлім – Сұлтанбек Қожановтың шығармашылығы және жұбайы Күләндәмнің естеліктері,Сұлтанбек –дастан; 3-бөлім – «Ұлым» дейтін елі болмаса… деген тараулармен құрастырылған. Еңбек М.Қарғабай және М.Алмахановтың авторлығымен шыққан кітап Қожановтың 125 жылдығы мен 130 жылдығына арналып ұсынылған.
Қорытындылай келе, Сұлтанбек Қожанов жоғары мәдениетті тұлға. Түркістанда ішкі істер, ағарту, жер істері наркоматтарын басқарды, «Ақ жол» газетінің алғашқы бас редакторы болды, қазақ халқының ұлттық санасын көтеруде көп жұмыстар атқарды, ұлт мәдениетін алға сүйреп, ғалымдардың, ғылым мен мәдениет қайраткерлерінің тірегі бола білді. Сұлтанбек Қожанұлының ғылымдағы ғалымдық тұлғасы мен ғибраттық жолы мәңгілік өшпейтін, мәңгілік зерттелетін мұра.
Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы,
«Ғылыми-зерттеу» бөлімінің меңгерушісі Д. БЕРІКҚЫЗЫ