Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында «Ой оятқан кітап» тақырыбында TEDx форматындағы кездесу өтті. Іс-шараны кітапхана директоры Жанат Шардарбекова жүргізді. Басқосуда кітап оқудың адам өміріндегі маңызы, оқу мәдениетін қалыптастыру, ақпараттық қоғамдағы саналы оқудың рөлі және жас ұрпақтың кітапқа қызығушылығын арттыру жолдары кеңінен талқыланды. Кездесу барысында «Фараб» кітапханасының әдіскері Айжан Балқыбекова «Бір кітап. Мың ой. Жаңа көзқарас» тақырыбында баяндама жасап, кітаптың адам дүниетанымын кеңейтіп, ойлау қабілетін дамытудағы маңызына тоқталды. Ал кітапхананың «Балалар» бөлімінің сектор меңгерушісі Балнұр Жетпісбай «Оқитын ұрпақ – озық ойлы қоғам» тақырыбында сөз сөйлеп, «Ақылдыммен ақылдымын» байқауының мүмкіндіктері мен балалардың кітап оқуға деген ынтасын арттырудағы тәсілдер туралы баяндады.

Ақын, «Шабыт» жастар сыйлығының лауреаты Асылзат Арыстанбек «Мидың құдіреті» тақырыбында ой қозғап, кітап оқудың адам санасы мен зияткерлік дамуына ықпалын сөз етті. ҚР Ақпарат саласының үздігі, журналист Төребек Байтасов «Ақпарат көп, ой терең бе? Кітап оқудың жаңа мәдениеті» тақырыбында баяндама жасап, ақпарат ағыны күшейген заманда терең ойлау мен мазмұнды оқудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ, ҚР Ұлттық кітапханасының Консервация, қалпына келтіру және түптеу қызметінің қызметкері Дінмұхамед Байжұма кітап оқудың адам санасы мен дүниетанымына әсерін философиялық тұрғыдан талдады. Ақын, ұстаз Арқалық Әмәлиятұлы «Ұстаз сөзі, ақын жүрегі, ұлт болашағы» тақырыбында сөз сөйлеп, ұстаз бен әдебиеттің жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне тоқталды.

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сайлаухан Жоланов «Кітаптан күшті рух жоқ» тақырыбында ой өрбітіп, кітаптың рухани құндылықтарды сақтаудағы және ұлттық сананы қалыптастырудағы маңызын айтты. Басқосуда кітапты тек ақпарат көзі ретінде емес, адамның ой-өрісін кеңейтетін, рухани дүниесін байытатын және қоғамның интеллектуалдық әлеуетін арттыратын маңызды құрал ретінде насихаттау қажеттігі атап өтілді.

Кездесу барысында қатысушылар кітап оқудың тек білім жинақтау құралы емес, адамның өзін-өзі дамытуына, дүниеге деген көзқарасын қалыптастыруына және өмірлік ұстанымдарын айқындауына ықпал ететінін атап өтті. Әсіресе көркем әдебиет пен танымдық шығармаларды оқу адамның сөздік қорын байытып, ойын жүйелі жеткізуіне және түрлі мәселелерге тереңірек үңілуіне мүмкіндік беретіні айтылды.

Бүгінде цифрлық технологиялар мен әлеуметтік желілер ақпарат алмасуды жеңілдеткенімен, көлемді мәтінді зейін қойып оқу мәдениетін сақтау өзекті болып отыр. Ақпаратты жылдам қабылдаумен қатар, оның мазмұнын саралап, маңызды тұстарын есте сақтау және сыни тұрғыдан бағалау дағдысын дамыту қажеттігіне назар аударылды.

Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің кітапқа деген қызығушылығын арттыруда отбасы мен білім беру ұйымдарының ықпалы ерекше екені сөз болды. Баланың кітап оқуға деген сүйіспеншілігі ең алдымен отбасындағы тәрбиеден басталады. Ата-аналардың кітап оқуға үлгі болуы және балалармен бірге әдеби шығармаларды талқылауы олардың тұрақты оқу дағдысын қалыптастыруға көмектеседі.

Жиынға қатысушылар кітапханалардың да қоғамның мәдени және зияткерлік дамуына қосатын үлесі зор екенін атап өтті. Заманауи кітапханалар бүгінде тек кітап сақтайтын орын ғана емес, пікір алмасуға, жаңа идеялармен бөлісуге және шығармашылық ізденіске мүмкіндік беретін мәдени орталыққа айналып келеді.

TEDx форматындағы кездесудің ерекшелігі – әртүрлі сала өкілдерінің бір тақырып төңірегінде өз тәжірибесі мен көзқарасын ортаға салуы. Мұндай басқосулар тың идеялардың қалыптасуына, жастардың ой-өрісін кеңейтуіне және қоғамда кітап оқу мәдениетінің дамуына серпін береді.

«Ой оятқан кітап» тақырыбындағы кездесу мазмұнды пікір алмасу алаңына айналып, кітаптың адам өміріндегі рухани және зияткерлік құндылығын тағы бір мәрте айқындады. Осындай мәдени-ағартушылық бастамалар арқылы өңірде оқырмандық мәдениетті дамытуға, жас ұрпақты білім мен ізденіске баулуға және рухани құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік мол.