Төлеби ауданының табиғи ерекшелігі мен көркем ландшафты өңірдің туристік әлеуетін арттыруға мол мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан ауданның әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясында туризм саласын экономиканың негізгі драйверіне айналдыру басым бағыттардың бірі ретінде айқындалған. Бұл бағытта соңғы жылдары жүйелі жұмыстар жүргізіліп, инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда.

Бүгінде аудан аумағында туристерге қызмет көрсететін 254 туристік нысан жұмыс істейді. Табиғат аясындағы демалыс орындары, сауықтыру кешендері, балалар лагерьлері мен заманауи туристік кешендердің қатары жыл сайын артып келеді. Соның нәтижесінде ауданға келетін демалушылар саны тұрақты өсіп, туризмнің экономикалық тиімділігі де арта түсуде. 2026 жыл қорытындысы бойынша келушілер санын 50,3 мың адамға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл – ауданның туристік әлеуетіне деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш.

Туризм саласына тартылған инвестиция көлемі де жылдан-жылға ұлғаюда. 2025 жылдың он айында бұл салаға 1,8 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 105 пайыздық өсімге қол жеткізілді. Инвестициялық белсенділіктің артуы ауданның туристік инфрақұрылымын жаңғыртып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті кәсіпкерліктің дамуына серпін беруде.

2025 жылы жалпы құны 2,7 млрд теңгені құрайтын 8 туристік жобаны іске асырып, 118 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 5 жобасы толық пайдалануға беріліп, тұрғындарға қызмет көрсетуде. Атап айтқанда, Біркөлік шатқалында жеке кәсіпкерлер М.Тұрғынов, Б.Каримов және М.Бектұрғынов заманауи демалыс орындарын іске қосып, ондаған адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. Сонымен қатар Қаратөбе ауылдық округінде кәсіпкер К. Өсербаеваның демалыс орны пайдалануға беріліп, ауыл туризмінің дамуына жаңа серпін берді.

Балалар туризмін дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Керегетас елді мекенінде 150 орындық «Эдельвейс» балалар лагері іске қосылып, 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл жоба өңірдегі балалардың жазғы демалысын ұйымдастырумен қатар, ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуына да оң әсерін тигізді.

Алдағы кезеңде пайдалануға берілетін ірі инвестициялық жобалар да аз емес. Ақмешіт шатқалында «FGS – Болашақ ұрпақ мектебі» ЖШС-нің 300 орындық балалар лагері, сондай-ақ жеке кәсіпкер Е. Рахымбердиевтің жаңа демалыс орнының құрылысы жалғасуда. Бұдан бөлек, Қасқасу ауылдық округінде кәсіпкер Б. Кумисовтың туристік кешені салынуда. Бұл жобалардың барлығы 2026 жылы пайдалануға беріліп, ондаған жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Төңкеріс елді мекенінде 2,5 млрд теңге инвестиция есебінен 32 коттеджден тұратын заманауи демалыс қалашығының құрылысы жүргізілуде. Ал Біркөлік шатқалында іске қосылған «Paradise Villas» атты еуропалық үлгідегі жоғары сапалы демалыс кешені туристерге қызмет көрсетуді бастап, 47 адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. Мұндай нысандар ауданның туристік қызмет көрсету сапасын халықаралық талаптарға жақындатып, өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсуде.

Туризм саласындағы барлық жоспарланған жобалар толық іске асқан жағдайда жергілікті бюджетке жыл сайын қосымша 60 млн теңгеге жуық салық түсімі қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, жаңа жобаларды қаржыландыруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.

Ауданда экотуризмді дамыту бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта Мәдени, Ханарық және Қостөбе елді мекендері арқылы «Ақсу каньоны» туристік аймағына кіреберіс жол салу үшін демеушілер есебінен жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда табиғи туристік нысандардың қолжетімділігі артып, өңірге келетін отандық және шетелдік туристер санының еселеп өсуіне ықпал етеді.

Төлеби ауданы табиғатының көркемдігі, таза ауасы, қолайлы климаты мен ерекше туристік әлеуеті өңірді Қазақстандағы экотуризмнің маңызды орталықтарының біріне айналдыруға толық мүмкіндік береді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен жеке инвесторлардың белсенділігі нәтижесінде ауданның туристік инфрақұрылымы қарқынды дамып, жаңа жобалар жүзеге асуда. Бұл бастамалар экономиканы әртараптандырып қана қоймай, халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, Төлебидің туристік тартымдылығын жаңа деңгейге көтеруге берік негіз қалайды.