
Алматы қаласындағы «Атакент» халықаралық көрме орталығында Қазақстандағы XXI Қытай тауарлары көрмесі өз жұмысын бастады.
Түркістан облысының делегациясы облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің жетекшілігімен аталған халықаралық көрмеге қатысып, өңірдің инвестициялық және кәсіпкерлік әлеуетін таныстыруда. Делегация құрамында Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев, аудан әкімінің орынбасары және аудан кәсіпкерлері бар.
Көрменің ресми ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Түркістан облысының инвестициялық даму қарқынына тоқталып, өңірде инвесторларға ұсынылатын қолайлы жағдайлар мен мемлекеттік қолдау тетіктері туралы баяндады. Сонымен қатар шетелдік инвесторларды өндіріс орындарын ашуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Көрме аясында Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев қытайлық бірқатар ірі өндірістік компаниялардың басшыларымен екіжақты кездесулер өткізіп, инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Атап айтқанда, JIANGNAN CABLE, Zhejiang Xunfeng Industry and Trade, Jinhua Jinlong Home Products және Qinnastan Health Industries компанияларының өндірістік мүмкіндіктері таныстырылып, олардың Ордабасы ауданында өндіріс орындарын орналастыру перспективалары қарастырылды.
Келіссөздер барысында өндірістік кооперацияны дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, заманауи технологияларды енгізу және инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыру мәселелері талқыланды. Тараптар өзара тиімді әріптестік орнатуға қызығушылық білдіріп, алдағы уақытта ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою жөнінде уағдаласты. Халықаралық көрмеге қатысу Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттыруға, өңірге шетелдік капитал тартуға және жаңа өндірістік жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.
