Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытайдың «Wuhan Xiangyu Dingsheng Construction Engineering Co., Ltd.» компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесуде өңірде «Гүлдер мен декоративті ағаштар өсіретін заманауи жылыжай кешені мен арнайы сауда орталығының құрылысы» инвестициялық жобасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Жоба өңірдің көгалдандыру әлеуетін арттырып, гүл шаруашылығы мен сәндік өсімдіктер өндірісін дамытуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.

Кездесу барысында жобаның техникалық және қаржылық тетіктері, құрылыс кезеңдері, қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және өндірілетін өнімді ішкі әрі сыртқы нарыққа шығару мүмкіндіктері сөз болды. Сонымен қатар инвестициялық бастаманы іске асыру барысында мемлекеттік қолдау шаралары мен өзара әріптестікті нығайту мәселелері қарастырылды.

Облыс әкімі бұл жобаның маңызды екеніне тоқталды.

– Сіздерді Түркістан өңірінде қарсы алғаныма қуаныштымын! Өздеріңізбен 10 маусымда Қытай Халық Республикасына жасаған іссапарымыз аясында Ухань қаласында кездесу өткізіп, жобаны жүзеге асыру мәселелерін талқылаған болатынбыз. Бүгінгі кездесу – сол бастаманы нақты іске асыру бағытындағы маңызды қадам. «Гүлдер мен декоративті ағаштар өсіретін заманауи жылыжай кешені мен арнайы сауда орталығының құрылысы» инвестициялық жобасы өңірдің инвестициялық әлеуетін арттырып қана қоймай, агроөнеркәсіптік секторды дамытуға, сауда-логистикалық инфрақұрылымды жетілдіруге және жаңа жұмыс орындарын құруға үлкен үлес қосады деп сенемін, – деді Нұралхан Көшеров.

Компания өкілдері Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктеріне жоғары баға беріп, жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді. Олардың айтуынша, кешенде гүлдердің және декоративті ағаштардың түрлі сұрыптары өсіріліп, заманауи агротехнологиялар мен автоматтандырылған басқару жүйелері енгізіледі. Бұл өнім сапасын арттырып, жыл бойы тұрақты өндіріс жүргізуге мүмкіндік береді. Мұнда гүл өсіріледі, саудаланады және туристік орталыққа айналады деп күтіліп отыр. Кездесу қорытындысында тараптар жобаны тиімді іске асыру бағытындағы ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.