
Түркістан облысында «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің 30 жылдығына арналған «Кәсіподақ күші — бірлікте» атты мерекелік республикалық форум өтті.
Салтанатты жиынға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Туризм және спорт министрлігі, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінен кәсіподақ өкілдері қатысты. Сонымен қатар, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан және Әзірбайжан елдерінен келген ресми делегациялар қатысып, халықаралық ынтымақтастық пен әріптестік байланыстарды нығайтуға өз үлестерін қосты.
Форум барысында сала ардагерлері мен кәсіподақ қызметкерлерінің еңбегі дәріптеліп, кәсіподақ қозғалысының 30 жылдық жетістіктері кеңінен баяндалды. Қонақтар мен сала үздіктеріне мерейтойлық төсбелгілер, алғыс хаттар және арнайы марапаттар табысталып, олардың кәсіби еңбегі мен қоғамдық белсенділігі жоғары бағаланды. Сондай-ақ, мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылып, форумның салтанатты сәнін арттырды.
Сондай-ақ форум барысында Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан және Қырғызстан елдерінің салалық кәсіподақ ұйымдары арасында екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Меморандумдарға қол қойылып, өзара әріптестік байланыстарды нығайтуға негіз қаланды.
Іс-шара аясында «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» Түркістан облыстық филиалының төрағасы Темірхан Асылхан Темірханұлы «Кәсіподақ — келешектің кепілі» эстафеталық челленджін бастап, оның символы — Тайқазан Жамбыл облысына табысталды. Мазмұнды форум бірлік пен ынтымақтың, ортақ мүдде жолындағы серіктестіктің жарқын көрінісіне айналды.
Сонымен қатар форумда кәсіподақ қозғалысының қазіргі еңбек нарығындағы рөлі мен жаңа экономикалық жағдайларға бейімделу мәселелері де кеңінен сөз болды. Қатысушылар еңбек адамының құқығын қорғау, әлеуметтік әріптестік жүйесін жетілдіру және ұжымдық келісімшарттардың тиімділігін арттыру бағытындағы ұсыныстарымен бөлісті.
Сала мамандары цифрландыру дәуірінде кәсіподақтардың жұмыс форматын жаңғырту қажеттігін атап өтіп, жастарды ұйым жұмысына белсенді тарту тетіктерін күшейту жайын көтерді. Бұл бағытта оқыту семинарларын көбейту, тәжірибе алмасу алаңдарын кеңейту және өңірлік жобаларды дамыту маңызды екені айтылды.
Форум аясында мәдениет, спорт, туризм және ақпарат салаларындағы үздік бастамалар таныстырылып, еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік қолдау жүйесінің тиімді үлгілері көрсетілді. Мұндай тәжірибелер өңірлер арасында таратуға лайық жобалар ретінде жоғары бағаланды. Жалпы, мерейтойлық жиын кәсіподақ қозғалысының бірлік пен ынтымаққа негізделген даму бағытын айқындап, алдағы кезеңдегі ортақ мақсаттар мен міндеттерді нақтылауға мүмкіндік берген маңызды алаң ретінде ерекшеленді.
