Түркістан облысы Жетісай ауданында әлеуметтік маңызы бар игі жоба жүзеге асты. Ж. Ералиев ауылдық округінде «Дәуір» жалпы орта мектебінің 2006 жылғы түлектері ауыл тұрғындарына балалардың ойын алаңшасын сыйға тартты.

Оқу жылының аяқталуы қарсаңында пайдалануға берілген нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Серік Мамытов, аудандық мәслихат депутаттары Олжас Қаныбеков пен Сұлтан Әбдіғаппарұлы, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.

– Мұндай игі іс – аудан азаматтары арасында жақсылық жасау эстафетасы ретінде дәстүрлі түрде жалғасуы керек. Мектептердің әр жылғы түлектерін ауыл ақсақалдарымен ақылдасып, келісіп елге қажетті осындай нысандарды салуға шақырамын» деді аудан басшысы.

Түлектердің игі бастамасымен қолданысқа берілген алаңшаға демеушілік жасағандарға ризашылығын білдірген ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, алғыстарын айтты.

Балалардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастырумен қатар бұқаралық спортты дамыту, насихаттау және өскелең ұрпақты спортқа тәрбиелеу мақсатында салынған ойын алаңшасында арнайы жаттығуға қажетті жабдықтардың, волейбол алаңшасының салынғанын, қауіпсіздік үшін бейнебақылау камераларының орнатылғанын жеткізді.

Ауыл тұрғындарын ерекше қуанышқа бөлеген айтулы шарада бүлдіршіндерге тәттілер таратылып, сый-сияпаттар жасалды. Сондай-ақ ел ағаларына құрмет көрсетілді.

Осындай әлеуметтік жобалар ауыл тұрғындарының бірлігін нығайтып, қоғамда өзара көмек көрсету мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Түлектердің қолдауымен салынған нысандар тек балалар үшін ғана емес, барлық ауыл тұрғындарына демалыс пен бос уақытты тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, ойын алаңшаларының қауіпсіз және заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілуі ауылдағы спорттық белсенділікті арттырып, балаларды салауатты өмір салтына тәрбиелеуге жағдай жасайды. Мұндай бастамалар жастар мен оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жол ашады.