
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысы бекіткен «2026 жылға арналған профилактикалық іс-шаралар жоспарына» сәйкес және Ұлттық ұлан Әскери полициясы басқармасы бастығының талаптарын орындау мақсатында әскери ортада құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Осы бағытта 5574 әскери бөлімінің әскери полиция қызметі «Қол жұмсау арқылы билікті теріс пайдалану мен жарғыдан тыс қарым-қатынастардың алдын алу», «Алкоголь мен есірткі – қылмыстың себептері», «Жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстардың алдын алу», «Құмар ойындардың зияны», сондай-ақ «Әскери бөлімді өз бетімен тастап кету, әскери қызмет өткеруден жалтару және бас тартудың алдын алу» тақырыптарында профилактикалық іс-шараларды жүйелі түрде жоғары деңгейде ұйымдастырып, нәтижелі жүзеге асыруда.
Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының игі бастамалары мен Әскери полиция басқармасының үйлестіру жұмыстары Түркістан қаласындағы 5574 әскери бөлімінде табысты орындалып, өңірдегі әскери құқық бұзушылық деңгейін төмендетуге оң ықпал етуде.
Еліміздің бүгіні мен болашағы – оның ішкі және сыртқы қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Кезінде Алтай мен Атырау аралығын жайлаған, Еділ мен Жайық бойын қоныс еткен өр рухты бабаларымыз ел тарихын найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, қанмен жазып қалдырды. Сол ерлік дәстүрін жалғаған бүгінгі ұрпақ та ел тыныштығын күзетуде.
Бүгінде іріктелген, қайсар сарбаздар елдің бейбіт өмірін қорғап, түн тыныштығын сақтауда. Ал жас буын әскер қатарына қабылданып, ел мен жер алдындағы қасиетті борышын терең түсінуде. Әскери қызметшілер темірдей тәртіпке бағынып, кез келген күрделі жағдайда дұрыс шешім қабылдауды, Отанды қорғауды, антқа адал, сертке берік болуды үйренуде.
Дегенмен, «бес саусақ бірдей емес» демекші, ел сенімін арқалаған азаматтардың арасында әскери бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету, сондай-ақ бұйрықты орындаудан ашық түрде бас тарту сияқты құқық бұзушылықтарға жол беретін жағдайлар да кездеседі.
Осы олқылықтардың алдын алу мақсатында 5574 әскери бөлімінің әскери полиция қызметі 2026 жылдың алғашқы үш айында ауқымды оқу-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Аталған шаралар барысында келісімшарт бойынша және мерзімді әскери қызметшілерге Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің негізгі талаптары түсіндірілді. Әсіресе, «әскери бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету» және «бұйрыққа бағынбау» құқық бұзушылықтарының салдары, олардың жеке адамға да, әскери ұжымға да тигізер зияны, сондай-ақ мұндай әрекеттердің әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкелетіні жан-жақты түсіндірілді.
Құқық бұзушылыққа жол берудің басты себептерінің бірі – ішкі тәртіптің әлсіреуі, Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің жеткіліксіздігі. Сондықтан да рухы биік, жігері мықты, намысты ұрпақ тәрбиелеу – баршамыздың ортақ міндетіміз.
«Ерді намыс өлтіреді» демекші, намысты, сертіне берік, елге адал қызмет ететін ұлдарды тәрбиелеу – уақыт талабы. Отан алдындағы парызын абыроймен атқаратын азаматтарымыз көп болғай!
5574 әскери бөлімінің әскери
полиция қызметінің бастығы
майор Бақтияр ДӘУРЕНҚҰЛОВ
