
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы алқаптарын зиянкестерден қорғау мақсатында ауқымды жұмыстар қолға алынды. Биылғы жоспарға сәйкес, Ордабасы ауданында жалпы көлемі 26,3 мың гектар аумақ өңделмек. Бүгінде 47 мың гектар жер зерттеліп, шегіртке таралу қаупі жоғары аймақтар нақты айқындалды.
Атап айтқанда, Қараспан және Қажымұқан ауыл округтері «зиянкестердің шоғырлану қаупі жоғары нүкте» ретінде белгіленіп, бұл аумақтарда алдын алу шаралары күшейтілуде. Зиянкестермен күрес жұмыстарына әзірге 10 дана техника жұмылдырылған. Оның ішінде 8 УАЗ автокөлігі мен 2 трактор бар.
Аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратовтың жетекшілігімен шегірткеге қарсы жауапты мекемелер, ауыл шаруашылығы саласының мамандары және ауыл округтерінің әкімдері бірлесіп, нақты жұмыс жоспарын әзірледі. Бекітілген жоспарға сәйкес, қауіпті аумақтар кезең-кезеңімен өңделеді.
Аталған жұмыстардың барысымен танысу мақсатында аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы барып, техникалардың дайындығын және бекітілген жоспарларды көрді. Жауапты сала өкілдеріне қажетті дәрі-дәрмектерді уақытылы жеткізіп, жұмысты жедел бастау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Сонымен қатар, аудан басшысы өзге де шегіртке көп шоғырлануы мүмкін деген аумақтарды да назардан тыс қалдырмауды қатаң ескертті. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, ауыл шаруашылығы жерлерін қорғау басты назарда болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
