
Ордабасы ауданындағы «Бадам» индустриалды аймағында өңірдің өндірістік әлеуетін арттыратын маңызды инвестициялық жоба – «AERO» атты газоблок өнімдерін шығаратын зауыттың салтанатты ашылуы өтті. Аталған өндіріс орны аудан экономикасын дамытуға, құрылыс саласын сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге бағытталған ірі жобалардың бірі. Шараға аудан әкімі Азат Оралбаев, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, инвесторлар мен кәсіпорын ұжымы қатысты.
Жобаның жалпы инвестициялық құны — 2,5 миллиард теңге. Өндіріс орны 3 гектар аумақта орналасқан. Зауыт жылына 85 мың текше метр автоклавталған газоблок өндіруге қауқарлы. Бастапқы кезеңде 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Зауытта заманауи технологиялар қолданылып, беріктігі жоғары әрі халықаралық стандарттарға сай өнім шығарылады.
Айта кетейік, соңғы екі жылда ауданда 9 өндіріс орны іске қосылып, 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Жаңа өндіріс орнының ашылуы тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік жағынан да маңызды әсер етеді. Зауыттың іске қосылуы өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, жергілікті тұрғындарға тұрақты табыс көзіне айналады. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындары мен кәсіби дағдыларды игеруге мүмкіндік беретін оқыту бағдарламалары арқылы жастарға кәсіби өсу жолын ашып, аймақтың еңбек нарығын жаңартады. Осылайша, жаңа кәсіпорын тек құрылыс материалдарын өндірумен ғана шектелмей, Ордабасы ауданындағы жалпы өмір сапасының жақсаруына өз үлесін қосады.
