
Түлкібас ауданында 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға арналған «Айнала» орталығы жаңа ғимаратқа көшті. Бұған дейін бір уақытта 25 балаға дейін қабылдаған мекеме енді 100 балаға дейін қызмет көрсетуге қауқарлы. Бұл мәселе облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен шешімін тауып отыр. Түлкібас агробизнес және саяхат колледжінің қосымша ғимараты аудан теңгеріміне беріліп, әкімдік тарапынан толық жөндеуден өтті. Ал, қажетті құрал-жабдықтар «Самұрық қазына траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының және «Бақуатты аймақ» қоғамдық қоры есебінен қаржыландырылды.
Маңызды шараға аудан әкімі Асқар Естібаев, «Самұрық қазына траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Әлфия Адиева, «Бақуатты аймақ» қоғамдық қорының директоры Гүлмира Әбелдинова және зиялы қауым өкілдері арнайы қатысып, аудан тұрғындарын заманауи оңалту орталығының ашылуымен құттықтады. Айта кетерлік жайт, мекемеде 32 түрлі ем-дом және сауықтыру шаралары қарастырылған. Сондай-ақ, заманауи құрылғылармен жабдықталған кабинеттер бар. Қазіргі таңда орталық қажетті заманауи құрылғылармен 40 пайызға дейін қамтылған. Бұл бағыттағы жұмыстар келесі жылдың көктеміне дейін жалғасып, қажетті құрылғыларды алу жоспарлануда. Сондай-ақ, жаңа құрылғыларға орталық мамандарын оқыту шаралары «Самұрық қазына траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры есебінен атқарылатын болады.
