Тәуелсіздік күні қарсаңында Отырар ауданына қарасты Ақкөл елді мекенінде ауыз су жүйесін жүргізу мен имаратының құрылыс жұмыстары аяқталып, тұрғындар таза ауыз сумен қамтылды.

Салтанатты шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы, Отырар ауданының прокуроры Әмір Пулатұлы, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.

-Құрметті жерлестер, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында ауылдық елді мекендерді дамыту, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бойынша берілген тапсырмасына сәйкес Отырар ауданында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы орайда бүгін ауыл халқы сапалы ауыз сумен қамтылып отыр. Нәтижесінде бүгінде аудандағы 38 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған таза ауыз суға қол жеткізіп отыр,-деді Қайрат Жолдыбайұлы.

Салтанатты шарада аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы жаңа су жүйесінің іске қосылуы ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп, жайлы өмір сүру жағдайларын жақсартуға оң әсерін тигетінін атап өтті.

Сондай-ақ, салтанатты іс-шарада Отырар ауданының прокуроры Әмір Пулатұлы аталған нысанның құрылысы мемлекетке прокуратура органдары арқылы қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылғанын айта келе, бұл шара заң үстемдігін қамтамасыз етіп, қайтарылған қаражатты халық игілігіне бағыттаудың нақты үлгісі екенін жеткізді.

Нысанның құрылыс жұмыстары «Exclusive Project company» ЖШС-і мекемесі тарапынан жүргізілген. Жобаға сәйкес, 11 560 метр су құбыры жүргізіліп, 65-ке жуық отбасы ауыз сумен қамтылды. Құрылыс нысанында 1250м (2 дана) су ұңғымасы қазылып, су сорғы станциясының имараты салынған.

Аудан әкімі жауапты мамандарға жаңа нысанды күтіп ұстап, ауылды сумен үзіліссіз қамтамасыз етуді тапсырды.

Ақкөл ауылындағы жаңа су жүйесінің іске қосылуы – аудан тұрғындары үшін маңызды оқиға ғана емес, сонымен қатар, ауылдық елді мекендерде өмір сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстардың нәтижесі болып табылады. Бұл жоба жергілікті тұрғындардың денсаулығы мен әл-ауқатын арттыруға, сонымен қатар ауылдық инфрақұрылымды дамытуға зор үлес қосады. Ауыз су мәселесінің шешілуі ауылда тұратын адамдардың тұрмысын айтарлықтай жақсартқанын айтуға болады, өйткені таза ауыз су – бұл тек ыңғайлы өмір сүру жағдайы ғана емес, денсаулыққа да тікелей әсер ететін фактор.

Қазіргі уақытта Отырар ауданының барлық 38 елді мекені орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген, бұл аймақтың дамуына қосымша серпін береді. Мұндай жобалар тек ауылдардың дамуына ғана емес, сонымен бірге тұрғындардың өмір сүру деңгейінің көтерілуіне де ықпал етеді. Әрбір ауыл тұрғыны таза ауыз суға қол жеткізу арқылы өз өмірінің сапасын жақсартып, болашақ ұрпаққа жақсы жағдайлар жасайды.

Ел экономикасының дамуы мен ауылдың өркендеуі үшін мемлекеттік және қоғамдық органдардың бірлесе отырып атқарған жұмыстарының нәтижесі осындай үлкен жобалар арқылы айқын көрінеді. Су жүйесінің құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуі мен осы салаға бағытталған қаржының халық игілігіне жұмсалуы – адалдық пен жауапкершіліктің айқын дәлелі. Аудан әкімі мен ауыл тұрғындарының бірлескен күш-жігері нәтижесінде Ақкөл ауылының тұрғындары бүгінде жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруге толық мүмкіндік алады.