
Түркістан облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Ербол Орманов Ордабасы ауданына арнайы іссапармен келіп, жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілеріне арналған кеңейтілген мәжіліс өткізді. Іс-шараның басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін сақтау деңгейін талдау, қызметтік мінез-құлық мәдениетін арттыру және сыбайлас тәуекелдердің алдын алу.
Мәжіліске аудан әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкілі Жұманалы Кадиев, аудан әкімінің орынбасарлары, аппараттың қызметкерлері, дербес бөлімдердің қызметкерлері, ауылдық округ әкімдері мен мамандары және өзге де мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты.
Жиын барысында Ербол Орманов Түркістан облысындағы жергілікті атқарушы органдарда Әдеп кодексі талаптарының орындалуы, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этика нормаларын сақтау деңгейі және жыл басынан бергі қорытынды көрсеткіштер туралы жан-жақты баяндама жасады. Ол облыс бойынша жүргізілген мониторинг нәтижелеріне тоқталып, аудандардың жалпы рейтингін, көрсеткіштерін салыстыра отырып, бірқатар талдау жасады.
Әдеп жөніндегі уәкіл қызмет барысында кездескен кемшіліктерді, мемлекеттік қызметшілер тарапынан жиі орын алатын әдеп нормаларын бұзу тәуекелдерін, сондай-ақ қызметтік тәртіпке байланысты жіберілген қателіктерді мысалдар арқылы түсіндіріп өтті. Ол мемлекеттік қызметтің беделін көтеру жолында жеке жауапкершілік, халықпен қарым-қатынас мәдениеті, қызметтік әдебін сақтау секілді мәселелерге ерекше назар аударылуы қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметке деген сенімді арттыру мақсатында әрбір қызметкердің азаматтармен байланыс кезінде ашықтық, сыпайылық және кәсібилік танытуға міндетті екенін еске салды.
Өз кезегінде аудан әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Жұманалы Кадиев Ордабасы ауданында Әдеп нормаларын сақтау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол қызметкерлер арасында түсіндіру шараларының жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын, Әдеп жөніндегі кеңестер, оқыту семинарлары мен ішкі бақылау жұмыстары тұрақты жүргізілетінін атап өтті. Жиынды қорытындылаған аудан әкімі аппаратының басшысы Ербол Ормановқа ауданға арнайы келіп, кеңейтілген мәжіліс өткізіп, маңызды бағыттар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізгені үшін алғыс білдірді. Шара соңында облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Ербол Орманов барлық қатысушыларға мемлекет мүддесі жолында абыройлы қызмет етіп жүргендері үшін алғыс айтып, жұмыстарына табыс тіледі.
