
Жетісай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Берік Мамбетов пен «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС Жетісай, Мақтаарал аудандарының электр желелері басшысы Жантөре Нұрмұхамедов жергілікті БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп, ағымдағы жылдың 11 айында атқарылған жұмыстардың есебін берді. Алдағы жоспарлармен таныстырды.
Баспасөз мәслихатында келтірілген мәліметтерге сәйкес бүгінде ауданындағы 105 елді мекеннің 92-сі көгілдір отынмен қамтылып, газ пайдаланушылардың көрсеткіші аудан тұрғындарының 87,7 пайызын құрап отыр.
Өткен жылы 4 елді мекені көгілдір отынға қосылған ауданда жыл басынан бері 12 елді мекенге газ берілген. Жыл соңына дейін тағы 8 елді мекенді көгілдір отынға қосу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 3 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатса, тағы 10 елді мекенге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде 2027 жылы аудан толық газдандырылады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, аудандағы 1197 шақырымды құрайтын ауыз су құбырларының 81,5% пайызы қанағаттанарлық жағдайға жеткізіліп, 83 дана ауыз су ұңғысы, 85 су мұнарасы, 24 дана су сақтағыш пен санитарлық қорғау аймақтары тұрақты жұмыс істеп тұр.
Сонымен қатар, ауданға қарасты елді мекендердегі жаңадан түскен көшелерді сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсаттында Жетісай қаласын ұлғайтуға арналған 80 га аумақта 110/35/10 кВ ҚС қосалқы станциясын салынып, пайдалануға қабылданса, Абай ауылдық округінің Жүзімдік, Алтын кемер, Отан, Халықтар достығы, Бейбітшілік елді мекендеріндегі жаңа құрылыстарда электр желілерін салу және КТП орнату жұмыстары жүріп жатыр. Одан бөлек, «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС инвест-бағдарламасы аясында тозығы жеткен ескі трансформаторлар мен бағаналар ауыстырылып, заманауи сиб-кабельдер жүргізу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
2025 жылы ауданның жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласын дамытуға Ұлттық қор мег облыстық және жергілікті бюджет есебінен 1,4 млрд теңге бағытталып, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Республикалық және облыстық бюджеттердің есебінен Жаңа ауыл, Қазыбек би, Ділдәбеков, Қызылқұм ауылдық округтеріндегі жалпы ұзындығы 27,8 шақырымды құрайтын 30 көшеге, жергілікті бюджет есебінен Қарақай және Мақталы елді мекендеріндегі жалпы ұзындығы 10,4 шақырымды құрайтын 10 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Жетісай қаласындағы 7,5 шақырымды құрайтын Омаршаев, Қалыбеков, Жоба Жәштаев, Ынтымақ елді мекеніндегі Көрікті, Шойын көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары 2026 жылға өтпелі болса, жалпы ұзындығы 8,84 шақырымды құрайтын 10 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталған.
Осы және өзге де маңызды бағыттар бойынша атқарылған жұмыстардың барысын таныстырған сала басшылары қойылған сұрақтарға жауап беріп, айтылған ұсыныс-пікірлер бойынша тиісті жұмыстардың жүргізілетінін, сын-ескертпелердің назарға алынатынын айтты.
Коммуналдық саладағы жұмыстар ауданның инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған маңызды жобаларды қамтиды. Әлеуметтік қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін газ, су және электр жүйелерін жаңарту мен дамыту жобалары тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде аудан тұрғындарының тұрмыс сапасы жақсарып, өмір сүруге қолайлы жағдайлар туындайды. Ауданның көлік инфрақұрылымын дамыту да айтарлықтай маңызды қадам болып табылады. Жол жөндеу жұмыстары мен жаңа нысандарды электр қуатымен қамтамасыз ету жобалары көлік қатынасын жақсартып, ауданның экономикалық дамуына ықпал етуде. Мұндай шаралар ауылдардағы өмір деңгейін көтеруге бағытталған маңызды бастамалар.
