
Ордабасы ауданында кәсіпкерлікті қолдау және жаңа инвестицияларды тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы мақсатта бүгін Бадам елді мекеніндегі «Kazkioti» ЖШС ғимаратында аудан кәсіпкерлігін дамытуға арналған кәсіпкерлердің ІІІ форумы өтті.
Басқасу аясында аудан кәсіпкерлерінің өнімдерінен көрме ұйымдастырылды. Жиынға аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудан прокуроры Абзал Қыдырбай, облыстық және өңірлік қаржы институттарының өкілдері, кәсіпкерлер, жастар ұйымдарының жетекшілері мен ауыл округ әкімдері қатысты. Кездесу барысында кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау тетіктері таныстырылып, кәсіпкерлікті дамытудағы бірқатар мәселелер талқыланды.
Шара барысында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Түркістан облыстық филиалының бөлім басшысы Данияр Аяпов, «Ырыс» шағын несие ұйымының директоры Мұхит Мыңбаев, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бақдәулет Еркеқұл және корпорация басшысының орынбасары Нұрлыбек Исаев кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау тетіктері мен қаржыландыру мүмкіндіктері жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Кәсіпкерлік саласындағы маңызды алаң аясында 2026 жылы іске асырылуы жоспарланған жаңа инвестициялық жобалардың таныстырылымы өткізіліп, аудан әкімдігі мен жеке компаниялар арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда, «Alem Euro PIR» ЖШС – сэндвич-панель және PIR (полиизоцианурат көбік) өндірісін іске қосу жобасы (4,5 млрд теңге), «Grand Pro» ЖШС – жиһаз өндірісін құру жобасы (1,8 млрд теңге), «PETRANA OIL GROUP» ЖШС – жол бойындағы сервистік қызмет көрсету кешенін дамыту жобасы (1 млрд теңге).
Форумнан кейін қатысушылар «Kazkioti» ЖШС-ң жұмыс барысымен танысып, өндіріс үдерісін аралап көрді.
Форум аясында кәсіпкерлік саласын дамытуға бағытталған нақты қадамдар мен жаңа жобаларға ерекше назар аударылды. Инвестиция тарту мен өндірісті дамыту арқылы ауданның экономикалық әлеуетін арттыру көзделуде. Жаңа жобалардың іске асуы өңірдегі жұмыс орындарын көбейтуге, кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге және жалпы экономикалық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, меморандумдарға қол қою арқылы бизнес пен мемлекеттік органдар арасында жақын ынтымақтастық орнатуға жол ашылды.
Бұдан бөлек, форум барысында кәсіпкерлерге мемлекеттік қаржыландыру құралдары мен қолдау бағдарламалары туралы толық ақпарат берілді. Қаржылық қолдау тетіктері мен жеңілдетілген несиелер бизнес бастауға ниеттенгендер үшін үлкен мүмкіндік тудырады. Сонымен бірге, қатысушылар арасында жаңадан ашылатын кәсіпорындардың технологиялық мүмкіндіктері мен өндіріс жүйелері жайында тәжірибе алмасу орын алды, бұл олардың кәсіпкерлік тәжірибесін арттыруға әсер етеді.
Келешекте Ордабасы ауданында кәсіпкерлікті қолдау үшін қосымша шаралар қабылдануы тиіс. Жастарды кәсіпкерлікке тарту, инновациялық жобаларды дамыту және заманауи технологияларды енгізу – осы форум аясында көтерілген басты мәселелер. Бұл жұмыстар ауданның экономикалық тұрақтылығын нығайтуға және оның әлеуметтік дамуына айтарлықтай үлес қосады.
