«AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Түркістан қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде «Тең мүмкіндіктер» атты балалалар инклюзивті спорт фестивалі өтті. Фестивальде үшінші және төртінші, бесінші және алтыншы, жетінші және сегізінші сыныпқа баратын, ерекше қажеттіліктері балалар жарыс жолына түсіп, өзара мықтыларды анықтады. Бұл шараның мақсаты – әлеуметтік белсенділікті, сенім мен өзара сыластықты арттыру, достық атмосферасында мақсаттарға жетуге біріктіру және оқыту.

25 қазан – Республика күні мерекесі қарсаңында өтіп жатқан іс-шара облыстық партия филиалының жанындағы «Әйелдер қанатының» бастамасымен өткізілді. Жарысқа барлығы 90 бала, 30 команда қатысты. Инклюзивті спорт фестиваліне қатысушы балаларды қолдау үшін 400-ге жуық жанкүйер келді.

Турнир жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, спорттық жарысқа қатысушылар мен жанкүйерлерді Республика күні мерекесімен құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Мүгедектігі бар адамдардың спортпен айналысуына және өз әлеуетін жүзеге асыруына барлық жағдай жасалуы керек» деп атап өткен болатын. Бұл фестиваль – тек спорттық жарыс емес, бұл – бірлік пен түсіністіктің, табандылық пен достықтың мерекесі. Мұнда әрбір қатысушы өз ерік-жігерін, қайсарлығын, өмірге деген сүйіспеншілігін көрсетті. Бүгін сіздердің жетістіктеріңіз арқылы біз нағыз тең мүмкіндіктер қоғамының қалыптасып келе жатқанын көріп отырмыз. Сіздер өз үлгілеріңізбен көптеген жандарға шабыт, сенім және жігер сыйладыңыздар. Сіздердің жеңістеріңіз – барлығымыз үшін мақтаныш, – деген Ертай Кенжебекұлы осы шараны ұйымдастырған «Аманат» партиясы мен партияның облыстық «Әйелдер қанатына» алғысын білдірді.

Жарыс түрлері бойынша жеңімпаз деп танылған барлық командаларға дипломдар мен кубоктарды облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен партияның облыстық филиалы атқарушы төрағасының орынбасары, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева табыстады. Жарыс қорытындысымен әр санат бойынша жеңімпаз деп танылған жекелеген ойыншылар медалдармен және дипломдармен марапатталды.

Айта кетсек, фестивальде оқушылар үш спорт түрі – бочча, жеңіл атлетика және көңілді старттар бойынша сайысты. Барлық жарыс кезеңдері қатысушылардың жеке ерекшеліктеріне бейімделіп өткізілді.

Бұл инклюзивті спорт фестивалі – ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін шынайы тең мүмкіндік жасайтын шаралардың бірі. Спорт арқылы әр бала өзінің қабілеттерін көрсетуге, жеңіске жетуге талпынуға мүмкіндік алды, ал бұл өз кезегінде оларды қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуге көмектесті. Мұндай іс-шаралар балалардың өз-өздеріне деген сенімін арттырып, физикалық және рухани дамуына жағдай жасайды.

Фестивальдің ең үлкен мәні – қатысушылардың тек спорттық жарыстарда ғана емес, бір-біріне қолдау көрсетіп, өзара ынтымақтастықта болуында. Бұл жағдай әрбір қатысушының жеке мүмкіндіктерін толықтай ашуға, және спортты достық пен өзара түсіністік үшін пайдалану идеясын насихаттауға мүмкіндік береді. Әсіресе, ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін мұндай шаралардың маңызы зор, өйткені олар өздерін теңдей мүмкіндіктері бар қоғамның мүшесі ретінде сезінеді.

Түркістан облысында өткен бұл фестиваль балалардың өміріне жаңа серпін беріп, оларды шабыттандырды. Жарыс барысында көрсеткен табандылық пен ерік-жігер балаларға тек жеңіс ғана емес, болашақта жетістіктерге жету үшін қажетті сенім мен күш-жігер сыйлады. Осылайша, фестиваль арқылы «Тең мүмкіндіктер» қоғамының қалыптасып, ерекше қажеттіліктері бар балаларға қатысты стереотиптерді бұзу бойынша үлкен қадам жасалды.