25 қазан Республика күні мерекесі қарсаңында Қозмолдақ елді мекенінде жабық үлгідегі кіші футбол алаңы ашылды. Соңғы талаптарға сай салынған жаңа спорт нысанының ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, ауыл тұрғындары мен жастарды құттықтады. Сондай-ақ, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев құттықтау сөз сөйледі.

Ауыл қариялары игі іске ұйытқы болған азаматтарға алғыстарын білдірді. Жаңа жабық үлгідегі кіші футбол алаңы барлық талаптарға сай жабдықталған. Онда ойыншыларға арналған киім ауыстыру бөлмелері, жарықтандыру жүйесі, жасанды көгал төсемі мен қауіпсіздік қоршаулары қарастырылған. Нысан аумағына толықтай асфальт жабындысы төселіп, көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Айта кетейік, дәл осындай үлгідегі спорт алаңдары биыл Шу, Тасты, Жуантөбе, Жартытөбе және Құмкент ауылдарында да бой көтеруде.

Жаңа спорт алаңының ашылуы аудан жастары үшін үлкен қуаныш. Бұл ғимарат тек футболшыларға ғана емес, жалпы ауыл тұрғындарына да арналып, денсаулық пен белсенді өмір салтын насихаттауға үлкен үлес қосады. Жабық алаңның болуы ауа райына тәуелсіз, футболмен шұғылдануға мүмкіндік береді, әрі жастарды көшеде, алаңда жүрген уақыттарын пайдалы өткізуге ынталандырады. Мұндай спорттық нысандардың санының артуы, әсіресе ауылды жерлерде, жастардың қоғаммен байланысын арттырып, олардың физикалық дамуына зор әсер етеді.

Жабық футбол алаңының іске қосылуы – тек Қозмолдақ ауылындағы ғана емес, бүкіл аудан тұрғындары үшін маңызды қадам. Алдағы уақытта осы алаңда түрлі деңгейдегі турнирлер, жарыстар өткізілуі жоспарланып отыр. Бұл шаралар ауыл жастарының бойындағы спортқа деген қызығушылықты арттырып, ауданның спорттық әлеуетін дамытатын болады. Жастардың шығармашылық және спорттық тұрғыда өзін көрсетуіне мүмкіндік беретін осындай орталықтар ауданның мәдени өмірін жаңғыртып, жаңа таланттарды ашуға септігін тигізеді.