
Бүгін Арыста «Ата — әулеттің тірегі, әже — ұрпақтың жүрегі» тақырыбында қалалық мәдениет сарайында салтанатты шара өтті. Қалалық «Әжелер алқасы» ұйымдастырған шара қарттар күніне орайластырылды. Мерекелік кешке шаһар басшысы Гүлжан Құрманбековамен бірге Түркістан облысынан келген қадірлі меймандарда қатысты.
Қала басшысы «Ұлттың ұлт болып қалуы қашан да оның тілі мен ділінің, салт-дәстүрінің бекемдігіне байланысты. Оның негізі отбасылық тәрбиеде жатыр. Осы ретте отбасыдағы ата мен әженің рөлі ерекше. Әжелер мектебі – бүгінгі қоғамда баға жетпес байлық, бойға тереңнен сіңіретін тәрбие құралы» деп ізгі тілегін жеткізді.
Шара барысында қаламыздың қоғамдық өміріне белсене араласып, ұрпақ тәрбиелеуде үлгі болып жүрген ақжаулықты әжелерімізді қала әкімі арнайы алғыс хатпен және медальдармен марапаттады.
Жиынның ресми бөлігінде қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл «Ата — әулеттің тірегі, әже — ұрпақтың жүрегі» тақырыбында баяндама оқыса, Түркістан облысының Әжелер алқасының төрайымы Балымхан Байтенова арыстық әжелерді мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Көңілді кеш ары қарай асыл әжелердің мерекелік концерті мен тағылымы мол сахналық көріністерге ұласты. Ақ кимешегімен мерекеде сән сыйлап жүрген, әсем дауыстарымен әлемді тербеп, айналаны керемет өнердің шуағына шомылдырған ардагерлер мереке көрігін қыздыра түсті.
Жылдың қай мезгілі болса да, халыққа қызмет етіп, ұлағатты ұрпақ өсірумен қатар, өнер әлемінде де өзіндік орнын таба білген әжелерге көрермендер қошемет көрсетіп, алғыстарын жаудырды.
Айта кетейік, мәдениет пен әдет-ғұрыпты жастардың бойына сіңіріп, оларға тарихымызды танытып, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды үйретіп, үлкен үлгі, өнеге көрсететін Арыс қаласының «Әжелер алқасы» 2013 жылы құрылған. Бүгінде олар ұмыт болып бара жатқан рухани мұраны жаңғырту мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырып келеді.