Бүгін Шардарада дарынды балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығына қолдау көрсету, оларды отансүйгіштікке баулу, ұлттық рухта тәрбиелеу және эстрадалық ән орындау өнерін дамыту, жас талант иелерін анықтау мақсатында «Мөлдір -Үміт» облыстық балаларға арналған ән байқауы өтті. Аудандық мәдениет сарайында өткен ән додасы ауданның тумасы, талантты жас әнші Мөлдір Жоламанованы еске алуға арналған.

Құттықтау сөз сөйлеген аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Айдаров әнші-композитор Құралай Сәтмұхамбетова мен «Мөлдір-Үміт» атты балалар байқауының құрылтайшысы және жоба авторы Үміткүл Дәуленоваға аудан әкімінің алғыс хатын тапсырды. Алдымен ән мен биден шашу шашқан «Ақ әжелер» халық ансамблі мен Түркістан қаласының «Тик-так» би тобы өнер көрсетті. Жамбыл Жабаев атындағы бастауыш мектеп оқушылары Мөлдірдің өлеңдерін оқыды.

Әділ қазылар шешімімен Сайрам ауданының үміткері бас жүлде Нұрбек Нұрғали иегері атанды. І орын Шардара ауданының өнерпазы Ақылжан Алмасұлына, ІІ орын жетісайлық «Жұлдыздар» тобы мен төлебилік Мейірхан Рахымға, ал ІІІ орын Шымкент қаласындағы «Нұрсәт» өнер мектебінің «Бес жұлдыз» тобы мен Шардара ауданы Барат Алыйға бұйырды. «Ең жас әнші» номинациясымен Шымкент қаласының «Дара» өнер мектебінен келген Мерей Еркінбай, «Күміс көмей әнші» номинациясымен Ордабасы ауданынан келген Кәусар Әлайдар, «Көрермендер көзайымы» номинациясымен Түркістан қаласынан қатысқан Сезім Мұхтар марапатталды. Қатысушыларға арнайы дипломдар мен қаржылай сый-сияпаттар табысталды.