Арыс қаласында теміржол саласы қызметкерлері «Тaza Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында кең көлемді іс-шара өткізді.

Табиғатты қорғау мен қаланы көгалдандыруды мақсат еткен бұл игі бастама биыл 120 жылдығын атап өтіп отырған Қазақстан темір жолының мерейтойымен тұспа-тұс ұйымдастырылды.

Шараға Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев, Шымкент магистральдық желі бөлімшесі директорының орынбасары Жомарт Мырзабеков, өңірдің теміржолшы ардагерлері мен Арыс қаласында орналасқан ондаған теміржол мекемелерінің 150-ге жуық қызметкерлері қатысты.

Қатысушылар қаладағы Дендросаябақ аумағына 120 түп ағаш көшетін отырғызды. Бұл – теміржол саласының 120 жылдық тарихына тағзым әрі келешек ұрпаққа жасыл мұра қалдырудың нақты көрінісі болды.

Қала әкімі Қайсар Маңқараев қатысушыларға алғысын білдіріп, теміржолшылардың еңбегін жоғары бағалады.

Іс-шара Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі ұжымынан экологиялық эстафета ретінде қабылданған «Тaza Қазақстан» челленджі аясында өтті. Өңір теміржолшылары бұл бастаманы лайықты түрде жалғастырып, табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны сақтау – әр азаматтың ортақ борышы екенін атап өтті. Сондай-ақ олар экологиялық мәдениетті қалыптастыру ісінде жастардың белсенді болуы қажет екенін айтып, келешек ұрпақты осы ізгі істі жалғастыруға шақырды.

Түркістан облысында экологиялық бастамалар мен табиғатты қорғауға бағытталған жұмыстар қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Арыс қаласында өткен «Таза Қазақстан» акциясы осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі болып саналады. Теміржолшылардың мұндай ауқымды шараларды ұйымдастыруы — тек қоршаған ортаны қорғаудың ғана емес, еліміздің даму тарихында алатын орны ерекше саланың қоғам алдындағы жауапкершілігін де көрсетеді. Ағаш отырғызу арқылы олар тек табиғатты жақсартуға ғана үлес қосып қоймай, болашақ ұрпаққа жасыл желек пен таза экология қалдыруды мақсат етеді.

Теміржолшылардың осы бастамасы — еліміздің экологиялық мәдениетін қалыптастырудағы үлкен үлес болып табылады. Әсіресе, жастардың табиғатқа деген қамқорлығы мен саналы көзқарасын қалыптастыру маңызды. Мектептер мен жоғары оқу орындарының оқушылары мен студенттері үшін мұндай акциялар үлкен тәрбиелік мәнге ие, өйткені оларды қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға, табиғатты сақтап, оны жақсартуға шақырады.

Келешекте осындай экологиялық жобалардың ауқымын кеңейтіп, көптеген қалалар мен ауылдарда ұқсас шаралар өткізілсе, бұл Қазақстанның экологиялық имиджін арттыруға, тұрғындардың табиғатқа деген қарым-қатынасын жақсартуға ықпал етері сөзсіз. Арыс қаласындағы ағаш отырғызу шарасы — мұның тек алғашқы қадамы ғана, алдағы уақытта осындай бастамалардың кең көлемде жүзеге асырылатынына сенім мол.