Түркістан қаласындағы №33 жалпы білім беретін «Келешек мектебінде» робототехника бағыты қарқынды дамып келеді. Осы орайда, мектептің жас робототехниктері Қытайдың Макао қаласында өткен «First Lego League Asia Open Championship 2025» халықаралық чемпионатында жеңіске жетті.

Биылғы байқауда «Су асты әлемін зерттеу» тақырыбын қорғап, 30-дан астам елден келген 500 команда мен 12 мыңнан аса қатысушы бақ сынаған. Аталған чемпионат — робототехника, ғылыми зерттеу және инженерлік инновациялар бағытындағы Азиядағы ең беделді жарыстардың бірі. Түркістандық команда үш күндік байқау барысында инженерлік ойлау, жобаны қорғау және командалық жұмыс бойынша жоғары нәтиже көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінді. Үздік өнер көрсеткен оқушылардың қатарында Маруан Ишанхан мен Сүйінбай Боханов бар. «Келешек мектебіндегі» робототехника үйірмесі — оқушылардың ғылыми-техникалық ойлау қабілетін дамытуға бағытталған жүйелі жоба. Сабақтар аптасына үш рет өткізіліп, балалар «Arduino», «DOBOT» роботтары, түрлі сенсорлар мен бағдарламалау платформаларымен жұмыс істеуді меңгереді. Үйірме — теория мен тәжірибені тиімді ұштастырып, оқушыларды инженерлік және ғылыми ізденістерге баулиды.

Бұл жетістік – тек «Келешек мектебінің» ғана емес, бүкіл Түркістан облысының білім беру жүйесінің мақтанышы. Оқушылардың мұндай халықаралық деңгейдегі жетістіктері облыстың білім саласында робототехника мен инженерлік ғылымдарға деген қызығушылықты арттырып, жас ұрпақтың болашақта ғылыми-зерттеу және технологиялық салаларда алдыңғы қатарлы мамандықтарды игеруіне үлкен мүмкіндік туғызады.

Бұдан бөлек, робототехника үйірмелері мен ғылыми жобалар оқушыларды заманауи технологияларды терең түсінуге, шығармашылық ойлау мен командада жұмыс істеу қабілеттерін дамытуға бағытталған. Түркістан облысындағы осындай бағдарламалар басқа мектептерге үлгі болып, бүкіл өңір бойынша техникалық және ғылыми білімді кеңінен таратуға ықпал етеді.

Алдағы уақытта осындай жобалар мен жарыстардың өсуі, Түркістан облысының болашақ инженерлері мен ғалымдарының халықаралық аренада еліміздің абыройын арттыруға, жаңа технологиялық жетістіктерге жол ашуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Түркістан қаласындағы «Келешек мектебінің» жетістіктері осы саладағы білім беру жүйесінің дамуында маңызды кезең болып саналады.