
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Түркістан облысында азаматтарды жеке қабылдау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Бүгін кестеге сәйкес, облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өзі жетекшілік ететін салалар бойынша тұрғындармен кездесу өткізді. Қабылдау барысында азаматтар баспана кезегі, жол жөндеу, ауызсу, электр желісі және газ кіргізу мәселелерін көтерді.
Түркістандық І, ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматша үй кезегіне тұру мәселесін көтерді. Белгілі болғандай, оның атына Қызылорда облысында үй тіркелгендіктен, өтініші қабылданбаған. Ол үйді 2021 жылы сыйға тартқан, сондықтан 2026 жылдың сәуірінен кейін ғана кезекке тұра алады.
Айта кетейік, Түркістанда 2025 жылы мұқтаж азаматтар үшін 11 көпқабатты үй салынуда. Нәтижесінде 944 пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Биыл 432 отбасы, оның ішінде әлеуметтік осал және көпбалалы отбасылар баспаналы болды. Пәтерлер енді «Отбасы банкінің» жүйесі арқылы кезек ретімен үлестіріледі.
Түркістандық тағы бір тұрғын Қазыбек би көшесіндегі бағаналарды жаңартуды сұрайды. 2026 жылға арналған жоба аясында көше бағаналары СИП жүйесіне ауыстырылады. Қазір жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр.
Сайрам ауданының тұрғыны Көлкент пен Арыс ауылдарының арасындағы жолдың жағдайын көтерді. Аталған бағыттағы KXSR-4 «Қожақорған–Ханқорған–Көлкент» жолының тозығы жеткен. 2024 жылы жөндеу жобасы дайындалып, сараптамадан өтті. Құрылысты «ATSkom.kz» ЖШС жүргізіп жатыр. Нысан 2026 жылы толық аяқталады.
Саурандық азаматтар Қаратөбе ауылында жол салу, ауызсу мәселелерін айтты. Аталмыш ауылда 93 тұрғын бар. Тұрғындар ауыз суды жеке ұңғымалардан пайдаланады. Елді мекен мәртебесі болмағандықтан, ірі жөндеу жүргізілмейді. Дегенмен, 2024 жылы тұрғындардың өтінішімен Шайых көшесіне жөндеу жасалды. Мәртебе берілген соң, ауызсу және жол жобалары дайындалады.
Зұлпыхар Сансызбайұлы жауапты сала басшыларына тұрғындардың өтініштерін назарға алып, мәселелерді заң аясында шешуді тапсырды. Орындалу барысы басшылық назарында болады.
Түркістан облысында тұрғындардың өтініштеріне дер кезінде жауап беру үшін осындай қабылдаулар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл процесс тұрғындар мен билік арасындағы байланыс пен сенімді нығайтуға септігін тигізеді. Сонымен қатар, барлық мәселелерді шешу барысында ашықтық пен есептілік басты қағидат ретінде сақталады. Әрбір өтініштің жан-жақты қарастырылып, тиісті шаралардың қабылдануы, жергілікті басқару жүйесінің тиімділігін арттырады.
Қабылдауларда көтерілген мәселелердің шешілуі үшін тек әкімдік қана емес, түрлі сала мамандары да белсенді түрде жұмыс істейді. Олар өзара үйлесімді әрекет етіп, тұрғындар үшін барынша қолайлы шешімдер ұсынуға тырысады. Бұл тәсілдің нәтижесінде, аймақтағы әлеуметтік мәселелерді шешу әлдеқайда жылдам әрі тиімді жүзеге асырылуда. Тұрғындардың өтініштері мен сұрақтарына жедел жауап беру, әсіресе, инфрақұрылым мен әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.
Бұдан басқа, өңірде халықтың сұранысын ескере отырып, жаңа жобалар да іске асырылуда. Мұның бәрі Түркістан облысында өмір сапасын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстардың бір бөлігі болып табылады. Жергілікті билік, азаматтардың қажеттіліктерін ескеріп, алдағы уақытта да осындай тиімді шешімдер қабылдауды жалғастырады.
