Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов жұмыс сапарымен Жаңабазар ауыл округіне барып, елді мекендердегі инфрақұрылымдық жұмыстардың барысымен танысты.

Сапар барысында аудан басшысы Жаңаталап елді мекенінен өтетін аудандық маңызы бар автомобиль жолындағы Суықбұлақ өзенінің үстінен салынған су өткелінде жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысын көрді.

Сонымен қатар, Азизхан Исмаилов Жылыбұлақ елді мекеніндегі Қалдыбайұлы көшесіне салынған ұзындығы 1,5 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолының (тротуар) құрылыс жұмыстарымен танысты. Аталған нысан ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі мен тұрмыс жайлылығын арттыруға бағытталған.

Жаңабазар ауыл округіндегі су өткелінің ағымдағы жөндеу жұмыстары мен жаяу жүргіншілер жолының құрылысын аяқтау – ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі мен ыңғайлылығын арттыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Су өткелінің жаңартылуы өзеннің су тасқыны кезіндегі қауіптерін азайтып, ауылдар арасындағы көлік қатынасын тұрақты және қауіпсіз етеді. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер жолы ауылдың инфрақұрылымын жақсартып, балалар мен ересектердің жүріп-тұруын жеңілдетеді, әсіресе, жол бойында жүретін жаяу адамдар үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Бұл жұмыстардың барлығы – аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдау мақсатында жүзеге асырылып отыр.