
Келес ауданына «Amanat» партиясының Түркістан облыстық филиалы көшпелі мобильді қоғамдық қабылдау ұйымдастырып, Алпамыс батыр ауылында тұрғындармен кездесті.
Қабылдауға партияның облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев пен Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қатысты. Тұрғындарды тыңдауға облыстық басқармалар, құқық қорғау органдары, халыққа қызмет көрсететін ұйымдар, мәслихат депутаттары мен аудандық бөлім басшылары да тартылды.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары ең алдымен жер мәселесін көтерді. Сонымен қатар мектеп және спорттық алаңдар салу, әлеуметтік нысандардың санын арттыру қажеттілігі айтылды. Кәсіпкерлікті дамыту, денсаулық сақтау саласының қызметін жақсарту, ауыз су, жол және инфрақұрылымдық жүйелерді реттеу бойынша да сұрақтар қойылды.
Барлық өтініштер тиісті органдар тарапынан тіркеуге алынып, заң аясында шешу жолдары қарастырылатыны айтылды. Тұрғындарға құқықтық және салалық кеңестер берілді. Кездесу аудан орталығы – Абай ауылында жалғасатын болады.
