Қытай Халық Республикасының Сауан қаласында Түркістан облысы Сауран ауданынан келген делегация қатысқан жұмыс кездесуі өтті. Шараның басты мақсаты — өндіріс, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу салаларындағы серіктестікті кеңейту, сондай-ақ өзара тәжірибе алмасу бағыттарын нақтылау болды. Сапар барысында саурандық өкілдер Сауан қаласындағы бірқатар кәсіпорындарды аралап, жергілікті кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізді.

Тараптар өзара ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды ауыл шаруашылық машина жасау, агротехникалық инновациялар мен өнім өндіру, кілем өндірісінің технологиялық желісін жетілдіру және ұлттық нақыштағы бұйымдарды экспортқа шығару, май мен сүт өнімдерін өңдеу, қаптау және сақтау, мал шаруашылығын ғылыми негізде дамыту, асыл тұқымды мал өсіру және генетикалық зерттеу, сондай-ақ аграрлық өнімдерді бірігіп өндіру бағыттарында дамыту жөнінде пікір алмасты.

Бұл салалардағы серіктестік екі өңір экономикасының өзара тиімді дамуына, өндірістік тәжірибе мен технология алмасуға және жаңа инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.