Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарылған жұмыстар мен тұрғындардың айтқан өтініштерінің орындалуы бойынша екінші жартыжылдыққа жоспарланған есептік кездесуі Ш.Ділдәбеков ауылдық округінен басталды.

Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, аудандық мәслихат депутаттары Марат Ділдәбеков пен Олжас Қаныбеков, Бекет Ділдәбаев пен Сұлтан Әбдіғаппарұлы, аудан прокурорының орынбасары Ырысбек Намазов пен аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Бақыт Жаңбырбаев, аудандық полиция бөлімінің инспекторлары мен аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары мен тиісті сала мамандары, жергілікті тұрғындар қатысты.

Жиынды ауданда атқарылған жұмыстардың барысын таныстырудан бастаған аудан әкімі өткен кездесуде Ш.Ділдәбеков ауылдық округі тұрғындары тарапынан көтерілген 15 мәселенің 4-нің нақты шешімін тауып, 11-нің тұрақты бақылауға алынғанын айтты.

Биылғы жылы округтегі Алпамыс, Күрішті, Жамбыл, Байдала ауылдарындағы жаңадан түскен көшелерге электр желілерін тарту жұмыстарына 15,4 млн теңге, 13 елді мекеннің ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеуден өткізуге 70 млн теңге, Алпамыс, Достық, Сайлау ауылдарының ауыз су жүйелерін қайта құру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 23,8 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Одан бөлек, Бірлік ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттамаларына түзету жұмыстарына 6,6 млн теңге, Жаңа дала ауылынан ойын алаңшасын салу жұмыстарына 10,5 млн теңге қаралса, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Байдала елді мекеніндегі Есімов, Ақиқат көшелері, Кемер елді мекеніндегі Азаттық, Табыс, Бағбан көшелері 119,6 млн теңгеге орта жөндеуден өткен.

Осы және өзге де мәселелерге кеңінен тоқталған Серік Үсенұлы тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Жеке мәселелері бойынша тұрғындарға қабылдау өткізіп, өтініштер бойынша тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді.

Аудан әкімінің өткізген кездесуі Жетісай тұрғындары үшін өте маңызды болды. Бұл жиынның нәтижесінде, азаматтардың ұсыныс-пікірлері мен сұрақтары тыңдалып, оларды шешу жолдары белгіленді. Серік Үсенұлы Мамытовтың халықпен тікелей байланысы, тұрғындардың мәселелерін назарға алып, тиісті сала басшыларымен бірлесе отырып, оларды шешу үшін жүйелі жұмыс жүргізіп жатқаны айқын көрінді.

Есептік кездесудің қорытындысы бойынша, ауданның әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына бағытталған жұмыстардың нәтижелі боларына сенім бар. Жетісайдың ауылдары мен елді мекендеріндегі әрбір тұрғынның мәселесіне дер кезінде көңіл бөлініп, олардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында көптеген шаралар қабылдануда. Бұл жұмыстар өз кезегінде Жетісай ауданының өсіп-өркендеуіне, халықтың әл-ауқатының артуына ықпал ететін болады.