
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы жүргізіліп, құрылыс сапасы қатаң бақылауға алынған.
Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов ауданда салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын аралап көріп, мердігер мекеме басшыларымен жүздесті. Ұсыныс-пікірлерін тыңдап, бірқатар талаптар қойды.
Алдымен, Жетісай қаласының аумағын ұлғайтуға бөлінген 80 гектар аумағында болып, 5 қабатты 32 пәтерлі 2 тұрғын үйдің, 400 орындық балабақша мен «Тұран» мектебі жанындағы аяқсыз қалған аяқжол құрылысын көрді.
Сонымен қатар, Серік Үсенұлы Қызылқұм ауылдық округінің Қосқұдық елді мекеніндегі құрылысы аяқталған спорт алаңшасы мен Қызылқұм елді мекеніндегі құрылысы басталғалы жатқан демалыс аллеясына да барды. Округке кіре берістегі көпірдің жағдайын көріп, тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырды.
Нысандарды аралап, мердігерлер мен жауапты сала басшыларына жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына сапалы материалды қолдануды ескерткен аудан басшысы мемлекеттен бөлінген қаржының тиімді жұмсалуы қатаң бақылауда екенін айтты.
Айта кетейік, биылғы жылдың 8 айында ауданда 7 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 4,5 млрд теңгеге артық.
Ауданның инфрақұрылымын дамыту мақсатында жүзеге асырылып жатқан құрылыс жұмыстары Жетісай ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға үлкен ықпалын тигізеді. Құрылыс сапасын бақылау және мемлекеттік қаржыны тиімді пайдалану – бұл өңірдің дамуына бағытталған маңызды қадамдар.
Құрылыс саласындағы осындай ауқымды жобалардың табысты жүзеге асырылуы аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, еңбек орындарын ашуға, жергілікті экономикаға да оң әсерін тигізеді. Жетісай ауданында жүзеге асып жатқан жобалар Түркістан облысының дамуына серпін беріп, аймақтық және республикалық деңгейде маңызды нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік туғызады.
Жетісайдың болашағына зор үлес қосатын бұл құрылыс жұмыстарының сапалы және уақытында аяқталуы, өңірдің болашақта әл-ауқатының арттыруына негіз болады.
