
Өз өмірін өзгелер үшін қатерге тігіп, азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғамның тыныштығын сақтау жолында бел шешпей еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларының қызметіне қолдау көрсетуге, жұмыс сапасын жақсартып, қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алуға қажеттіліктерімен танысу мақсатында Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов аудандық полиция бөлімінде болды. Жедел басқару орталығының жұмысымен танысып, ғимаратты аралап көрді.
Аудандық полиция бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Мейірхан Құрбанбаевтың айтуынша тәртіп сақшылары тарапынан қылмыспен күресті күшейту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырған жұмыстар мен тынымсыз жүргізілген профилактикалық шаралардың нәтижесінде қылмыстың негізгі санаттары бойынша көрсеткіштер төмендеген.
«Бүгінде ел ішінде полицияның қызметіне, полиция сарбаздарының адами болмысына, тұлғалық бейнесіне деген халықтың көзқарасы өзгеріп, оң бағалар берілуде. Мұның бәрі, әрине, қажырлы еңбек пен тынымсыз ізденістің жемісі» деген аудан басшысы ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қауіп-қатердің бел ортасында жүретін полицейлерге қашан да қолдау көрсететінін жеткізді.
Полиция ғимаратын аралап, қызметкерлермен тілдескен Серік Үсенұлы жөндеу жұмыстарын қажет ететін және бұзып, қайта салуды қажет ететін бөлімшелердің ғимараттарына сметалық құжаттарын дайындауды тапсырды.
Айта кетейік, бұған дейін аудан әкімінің қолдауымен тәртіп сақшыларының шақыртуларға уақытылы кешікпей баруларына, аудан азаматтарының полиция қызметкерлеріне деген сенімділігі мен жұмыс сапасын бұдан да арттыру мақсатында қызметтік 2 жеңіл автокөлік, 30 байланыс құралын (рация) табыс етілген болатын.
Қоғамдағы тәртіп пен тыныштықтың кепілі саналатын полиция қызметінің сапалы жұмыс істеуі – жергілікті атқарушы биліктің қолдауына тікелей байланысты. Бұл ретте Жетісай ауданы әкімдігінің бастамасымен қолға алынған нақты шаралар – полиция қызметкерлерінің әлеуетін арттырып, құқықтық тәртіпті күшейтуге септігін тигізері сөзсіз.
Полиция қызметкерлерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, жұмыс жағдайын жақсарту – бұл тек бір саланың ғана емес, жалпы қоғамның дамуына ықпал ететін маңызды бағыт. Тәртіп сақшыларына көрсетіліп жатқан осындай қолдаулар олардың азамат алдындағы жауапкершілігін арттырып қана қоймай, құқық қорғау саласындағы кәсібиліктің де жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады.
Жетісай ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл бастамалар – мемлекет пен қоғамның арасындағы сенімді нығайту жолындағы игі қадам. Әрбір тұрғынның қауіпсіздігі мен құқығы – басты құндылық екенін ескере отырып, жергілікті билік пен полиция бірлесіп жұмыс жүргізуді жалғастыра бермек. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының нақты көрінісі.
