
Жетісай ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жалпыхалықтық деңгейде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы аясында ауқымды сенбілік өтті. Тазалық шарасына аудан әкімі Серік Мамытов қатысып, сенбілікке атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.
Қала, кент, ауылдық округтердің елді мекендеріне, республикалық және облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізуге 2,5 мыңға жуық адам қатысты. Олардың қатарында
мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерден, ерікті азаматтар мен ауыл тұрғындарынан, аудандық мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлер болды.
Сонымен қатар, 20-ға жуық техника жұмылдырылып, ретсіз тасталған күл-қоқыстар тиісті орындарға шығарылды.
Айта кетейік, бұған дейін де аудан басшысының тапсырмасымен аудан аумағында тазалық жұмыстарын бір қалыпқа келтіру, жүйелендіру мақсатында коммуналды сала қызметкерлері мен ауыл билерінің, аудандық полиция бөлімі өкілдерінің қатысуымен арнайы жиындар өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Одан бөлек көпшілік орындар мен адамдар жиі жүретін жерлерге тазалықты сақтау, санитарлық талаптарды орындауға шақыратын үнпарақшалар ілінген, бейнебақылау камералары орнатылған. Мұның бәрі бірінші кезекте қоғамды қоқыстан тазартуға, тұрғындардың мәдениеттілігі мен тазалық жұмыстарын сақтауға мүдделі болуларына, түрлі жұқпалы аурулардың алдын алуға оң ықпалын тигізері анық.
Тазалық – мәдениеттің өлшемі, өркениетті қоғамның айнасы. «Таза Қазақстан» ұлттық бастамасы тек қоршаған ортаны күтіп ұстауға емес, ұлттың рухани жаңғыруына, ұрпаққа өнеге қалдыруға бағытталған игі қадам. Табиғаты әсем, жері кең-байтақ қазақ даласын таза ұстау – әрбір азаматтың перзенттік парызы. Себебі, бізге мұра болып қалған киелі жер – болашақ ұрпаққа аманат.
Қазақстан – өз халқының табиғатпен үйлесімде өмір сүруін мұрат еткен мемлекет. Аралдан Алтайға, Сырдан Еділге дейін созылған ұлан-ғайыр өлкеміз – жауһар табиғатымен, бай экожүйесімен, саф ауасымен ерекшеленеді. Бұл байлықты көздің қарашығындай сақтау – ұлттық құндылықтарға адалдықтың көрінісі.
Бүгінгі қолға алынған экологиялық бастамалар – болашақтың берік іргетасы. Таза орта – дені сау ұрпақ, көрікті қала мен ауыл – кемел елдің кепілі. «Таза Қазақстан» сынды ауқымды шаралар еліміздің экологиялық мәдениетін арттырып, әр азаматтың туған топырағына деген сүйіспеншілігін оятатыны сөзсіз.
