Түркістанда 18 қазан – Рухани келісім күні мерекесіне орай облыстағы діни конфессия басшыларының қатысуымен кездесу өтті. Жиынға Түркістан облыстық дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы жетекшілік жасап, жүргізіп отырды. Ол өңірдегі діни конфессиялардың өзара ынтымақ-бірлігі мен қоғамдағы рөлін сөз етті. Рухани жүздесуде ел бірлігін сақтау, дінаралық қарым-қатынастарды нығайту мәселелері талқыланды.

Кездесу барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Ержан Төлепов, Шымкент және Түркістан епархиясының «Шіркеудің қоғаммен байланыс» жөніндегі бөлімінің басшысы Александр Могилевский, «Орыс православиелік шіркеуінің Мәскеу Патриархаты Шымкент епархиясының Свято-Никольский приходы» жергілікті православиелік діни бірлестігінің жетекшісі Алексей Лазутин Анатольевич және басқа да дін өкілдері сөз сөйлеп, пікір білдірді.

Кездесу соңында діни конфессиялар жетекшілеріне мерекеге орай алғыс хаттар мен сыйлықтар берілді.

Бұл кездесу Түркістан өңірінде дінаралық татулық пен келісімді одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды шаралардың бірі болып табылады. Қоғамдағы түрлі конфессиялар арасындағы диалогты дамытып, рухани бірлікті сақтау – тұрақты әлеуметтік дамудың кепілі екені баса айтылды. Мұндай кездесулер халықтың бір-біріне деген құрметін арттырып, әртүрлі діни ұстанымдардың бейбіт өмір сүріп, өзара түсіністікке қол жеткізуіне ықпал етеді. Алдағы уақытта да Түркістан облысында осы бағыттағы игі бастамалар мен жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып, өңірдегі ұлттар мен конфессиялар арасындағы татулықты нығайтуға барынша көңіл бөлінетін болады.

Сонымен қатар, бұл шара жастар арасында да рухани құндылықтарды насихаттау, ұлт пен дін арасындағы келісімді бекемдеу үшін маңызды платформа ретінде қызмет атқарады. Түркістандағы діни бірлестіктер өзара ынтымақтастықты арттырып, облыстың қоғамдық өміріне белсене қатысып келеді. Мерекелік кездесу соңында барлық қатысушылар татулық пен ынтымақтастықтың маңыздылығын тағы бір мәрте атап өтті және болашақта осындай рухани шаралардың жүйелі түрде өткізілуіне сенім білдірді.

Айта кетейік, 1992 жылғы 18 қазан күні Алматы қаласында Бүкіләлемдік Рухани келісім конгресінің 1-сессиясы өтті. Конгреске қатысушылар қазанның 18-ін рухани келісім күні – қақтығыстар мен жанжалдарға шектеу қою, татулыққа талпыну, жақын адамдарға қайырымдылық пен жәрдем жасау күні деп жариялауға шақырған манифест қабылдады. Содан бері жыл сайын біздің елімізде 18 қазан – «Рухани келісім күні» мемлекеттік деңгейде аталып өтуде. Жалпы жыл сайын облыс көлемінде «Рухани келісім күні» жоғары деңгейде өтеді.