Түркістан облысы, Сарыағаш ауданына қарасты Жібек жолы ауылдық округіндегі Жібек жолы елді мекенінде ауыз су құбырының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.

Жоба бойынша елді мекенді Р-1 каналынан тартылатын магистральды суағар жүйесіне қосу көзделген. Бұл – өңірдегі ауыз су мәселесін түбегейлі шешуге бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жоба.

Нысанның құрылыс жұмыстарын ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің тапсырысымен «FS Development Group» ЖШС жүргізіп жатыр. Жобаның жалпы ұзындығы 91 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда құрылыс нысанында ауыз су құбырын тарту жұмыстары толығымен аяқталып, Р-1 магистралдық құбырына қосу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар су қоймасы және қорғау пункті салынып, қажетті резервуарлар орнатылған. Құрылыс-монтаж жұмыстары 95 пайызға орындалды.

Бұл инфрақұрылымдық жоба Жібек жолы елді мекені тұрғындарының тұрақты әрі сапалы ауыз суға қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Бұған дейін ауыз су тапшылығы байқалған ауылда енді тәулік бойы үздіксіз су беру жүйесі енгізіледі деп күтілуде. Аталған жобаның жүзеге асуы — ауыл халқының өмір сүру сапасын арттырып, санитарлық жағдайды жақсартуға тікелей әсер етеді.

Сондай-ақ, болашақта бұл су нысанына жақын орналасқан өзге елді мекендерді қосу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Бұл — өңірлік деңгейдегі су жүйесін біріктіріп, ресурстарды тиімді пайдалану бағытындағы стратегиялық шешім болмақ. Жоба толық аяқталған соң, ауылдағы әлеуметтік нысандар мен шаруашылық құрылымдар да сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.