Бүгін Қытайдағы Гуанчжоу халықаралық конгресс-көрме орталығында 138-ші Кантон жәрмеңкесі басталды. Көрме залы 1,55 млн шаршы метрлік алаңда орналасып, мұнда жалпы саны 25 мың экспонент өз өнімін таныстырады.

Халықаралық жәрмеңкеге облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков бастаған Түркістандық делегация да қатысып, ондағы инновациялық өнімдермен танысуда.

Технология жаңалықтары, цифрлық жүйе, қайта өңдеу саласындағы жетістіктер ұсынылатын алып жәрмеңке жаһандық сатып алушыларға 4-қарашаға дейін қызмет көрсетеді. Кантон жәрмеңкесі әлемнің 200-ден астам елінен келетін сатып алушылар мен сатушылар үшін тиімді бизнес алаңы болып табылады. Мұнда мыңдаған қытайлық және халықаралық компаниялар өз өнімдерін ұсынып, жаңа серіктестермен байланыс орнатады.

Сауда көрмесі халықаралық нарыққа шығуды көздейтін кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаһандық іскерлік байланыстар мен инновациялық өнімдердің тоғысатын орнына айналған, — дейді ұйымдастырушылар.

Кантон импорт және экспорт жәрмеңкесі Қытайдағы ең үлкен сауда түрі болып, аталған жүйе 1957 жылдан бері жалғасып келеді. Бұл шамамен 200 ел мен аймақтан 200 000-нан астам шетелдік сатып алушыларды тартатын жаһандық сауда үшін маңызды оқиға.

Кантон жәрмеңкесі – бұл тек қана қытайлық өнімдермен танысудың орны ғана емес, сонымен қатар глобальды сауда үшін маңызды алаң. Түркістандық делегация осы ірі көрмеге қатыса отырып, әлемдік нарықтағы жаңа бизнес мүмкіндіктерін зерттеп, инновациялық технологиялар мен салалардағы жетістіктерді үйренуде. Бұл Түркістан облысының халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Облыс делегациясы өз сапарында қытайлық серіктестермен байланыс орнатып, облыстың экономикалық әлеуетін таныстыру мүмкіндігін иеленуде. Бұл іс-шара Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттырып, қытайлық бизнесмендермен өзара тиімді серіктестік құруға ықпал етеді. Сонымен қатар, халықаралық сауда тәжірибесін игеріп, облыстың өндірістік және кәсіпкерлік салаларындағы даму бағытын анықтауға мүмкіндік береді.