Түркістан облысындағы елді мекендерде тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытында бірқатар жұмыс атқарылуда.

Арыс қаласында үш заманауи балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді. Жаңа нысандар Арбат аумағында, ШПЗ елді мекеніндегі Н.Ільясов көшесінің бойында және орталықтағы М.Жұмабаев көшесінде орнатылды. Әрбір ойын алаңы талапқа сай жабдықталған. Мұнда балалардың жас ерекшеліктеріне лайықталған 10-нан астам ойын және дене шынықтыруға арналған элементтер орнатылған. Сонымен қатар алаң сәнді түнгі жарықшамдармен қамтылған. Бұл – бүлдіршіндердің қауіпсіз әрі белсенді демалысына жасалған нақты мүмкіндік.

Жалпы, биыл Арыс қаласында 17 жаңа балалар ойын алаңшасын орнату жоспарланған. Олардың 10-ы – қала аумағында, ал 7-еуі –ауылдық елді мекендерде орнатылды. Жобалардың барлығы заманауи талаптарға сәйкес жасалып, балалардың белсенді және қауіпсіз демалуына бағытталған.

Сонымен қатар қала орталығындағы А.Сүлейменов көшесі, Монтайтас және Жиделі ауылдық округтеріндегі футбол алаңшаларын жаңарту және жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, аталған жобалар қала әкімінің тұрғындармен кездесулерінде көтерілген ұсыныстар негізінде жүзеге асуда.

Арыс қаласында атқарылып жатқан жобалар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға арналған үлкен қадам болып табылады. Бұл шаралар балалардың денсаулығы мен дамуын қолдау ғана емес, жалпы қала инфрақұрылымын жақсартуға, адамдардың жайлы өмір сүруіне ықпал етуде. Жаңа ойын алаңдары мен спорттық нысандар Арыстың болашағына үлес қосатын маңызды бастамалар ретінде бағалануда.

Бұл игі бастамалар қала тұрғындарының әлеуметтік қажеттіліктерін ескере отырып жүзеге асуда. Арыс қаласында балалар мен жасөспірімдер үшін спорттық алаңдар мен ойын алаңшаларының көптеп ашылуы – олардың салауатты өмір салтын қалыптастырудағы маңызды қадам. Сонымен қатар, жаңартылған инфрақұрылым жастардың бос уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік береді, ал ата-аналар үшін балаларын қауіпсіз ортада тәрбиелеуге оң жағдай туғызады.

Алдағы уақытта осындай жобалардың санының артуы қала тұрғындарының әл-ауқатын жақсартып қана қоймай, әлеуметтік тұрақтылықты да нығайтады. Осылайша, Арыс қаласы тұрғындары үшін қолайлы, заманауи әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.