Түркістан облысының Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының ұйымдастыруымен облыс аумағында орналасқан жер қойнауын пайдаланушылармен мәжіліс өткізілді. Жиынға Мемлекеттік кірістер департаменті мен Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының өкілдері қатысты.

Мәжіліс барысында өңірдегі жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың мемлекетке салық төлеу мәселелері қаралды. Облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы м.а. Қанат Шонбасов өз баяндамасында кейбір жер қойнауын пайдаланушылардың салық төлемей отырғанын атап өтті. Сонымен қатар жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың басқа өңірлерде тіркеліп, салықты сол жақта төлеуі облыс бюджетіне түсетін түсімдерді азайтып отырғанын айтты. Осыған орай, компанияларды Түркістан облысына тіркеудің маңыздылығы көтерілді.

Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері жиналғандарға салықтық міндеттемелер және есептілікті уақытылы тапсыру тәртібі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, салық төлемеген жағдайда заңнамаға сәйкес айыппұл салынатындығы ескертілді.

Түркістан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокурорының орынбасары Мақсат Ералиев өз сөзінде жер қойнауын пайдалануға қатысты заң талаптарын түсіндіріп, заң шеңберінде кәсіпорындарға кеңес беруге және туындаған мәселелердің шешімін табуға дайын екендігін жеткізді.

Мәжіліс қорытындысымен барлық жер қойнауын пайдаланушыларға бір ай мерзім ішінде салық төлемдерін өтеу міндеттелді. Сонымен қатар келесі айдың екінші жартысында атқарылған жұмыстардың нәтижесі бойынша тағы бір рет кеңейтілген отырыс өткізіліп, мәселе қайта қаралатындығы хабарланды.

Бұл шараның негізгі мақсаты – жергілікті бюджетке түсетін түсімдерді арттыру, жер қойнауын тиімді және заң аясында пайдалану, сондай-ақ өңірлік экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету.

Түркістан облысында жер қойнауын пайдаланушылардың салық төлеу мәселесі айтарлықтай маңызды болып отыр. Бұл мәжіліс жергілікті бюджетті толықтыру және өңірдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету тұрғысынан өте өзекті. Қазіргі таңда салықтың уақытылы төленуі мен кәсіпорындардың дұрыс тіркелуі өңір үшін үлкен қаржылық маңызды факторға айналып отыр. Осы мәселелердің шешілуі жер қойнауын пайдаланудың тиімділігі мен заңдылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын болады.

Алдағы уақытта кәсіпорындар мен мемлекет арасындағы қарым-қатынастарды реттеуде мұндай мәжілістердің нәтижелері өз септігін тигізіп, өңірдің бюджеттік түсімдерін арттыруға ықпал етуі тиіс. Мемлекет тарапынан көрсетілетін кеңестер мен түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу салық төлеушілердің заң талаптарын толық түсінуіне ықпал етеді. Мәселенің оң шешілуі жер қойнауын пайдаланудың заңды әрі тиімді жолмен жүргізілуін қамтамасыз етіп, аймақтың экономикалық даму жолын айқындайды.