
Аймақ басшысы Мұхит Тұрысбеков аудан орталығында жүзеге асып жатқан бірқатар әлеуметтік және тұрғын үй нысандарын аралап, құрылыс жұмыстарының барысын бақылады. Сапар барысында сала мамандарына атқарылып жатқан істердің сапасы мен мерзіміне ерекше назар аудару қажеттігін ескертті.
Алдымен жаңадан бой көтеріп жатқан 200 орындық заманауи «Спорттық-сауықтыру кешенінің» құрылыс алаңында болды. Аудан басшысы жүзу бассейні, футбол, бокс және күрес залдарын аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасына назар аударды. Сондай-ақ, жаттықтырушыларға спорт жабдықтарының дұрыс орналасуы мен қауіпсіздігіне осы сәттен мән беру керектігін айтты. Одан соң аудан басшысы Жеткіншек мөлтек ауданындағы тұрғын үй құрылыстарымен танысты. Қазіргі таңда жеке инвесторлардың қолдауымен салынып жатқан 2 қабатты 3 тұрғын үй мен екі пәтерлі 13 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Нысандарда түсқағаз жапсыру, әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Еске сала кетсек, биылғы жылы ауданда 2 қабатты 3 тұрғын үйдің және екі пәтерлі 26 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұған қоса, демеушілердің қолдауымен 2 қабатты 2 тұрғын үйдің құрылысы қолға алынған. Бұл үйлерде 16 пәтер бар. Осылайша аудан орталығында бой көтеріп жатқан жаңа тұрғын үйлердің жалпы саны 92 пәтерді құрап отыр.
