Түлкібас ауданында тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру, елдімекендердің инфрақұрылымын жақсарту мақсатында көшелерді жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәселен, 2025 жылдың басынан бері аудан көлемінде жергілікті тұрғындардың өтінішіне сәйкес 28 көшеге жарықшамдар орнатылған.

Аудан аумағында 15 кент пен ауылдық округтерге қарасты барлығы 59 елдімекен бар. Бұл елдімекендерде жалпы саны 464 ішкі көше болса, бүгінгі күнге дейін олардың 309-ы жарықтандырылған. Бұл жұмыстар ауылдық округтердің жергілікті бюджеті мен демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылған. Көшелердің басым бөлігі мектептер мен балалар жиі жүретін қоғамдық орындарға жақын орналасқан. Сол себепті жарықтандыру жұмыстары тұрғындардың, әсіресе балалардың кешкі және таңғы уақыттарда қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп отыр.

Бұл шаралар Түлкібас ауданының инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға да септігін тигізеді. Жарықтандырылған көшелердің көбеюі жергілікті халықтың өмір сапасын жақсартып, әсіресе балалар мен жастар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалғасып, тағы да көптеген елдімекендер жарықпен қамтылатын болады.