Келес ауданында тұрғындарды таза ауыз сумен қамтуға бағытталған құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев Ақтөбе ауылдық округіндегі Жуантөбе, Жаңадәуір және Ынтымақ елді мекендеріндегі нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысты. Бүгінде жалпы құны 10,4 млрд теңгені құрайтын 12 нысанның құрылысы қолға алынған. Жобалар Ақтөбе, Бірлік және Жүзімдік ауылдық округтерін қамтиды. Қазіргі таңда олардың басым бөлігі аяқталу кезеңіне жетті.

— Халықтың тұрмыс сапасының басты көрсеткіші – таза ауыз суға қолжетімділік. Сондықтан әрбір ауылдағы құрылыс жұмыстарын қатаң бақылап, сапасына ерекше көңіл бөліп отырмыз, – деді Жәнібек Ағыбаев.

Жуантөбе ауылындағы су жүйелерінің 86 пайыз жұмыстары орындалып, екінші көтермелі насос станциясы мен жаңа резервуар салынуда. Жаңадәуір елді мекенінде де сорғы станциясы орнатылып, абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Ал Ынтымақта 100 текше метрлік қосымша резервуар пайдалануға берілді. Жалпы аудан көлемінде 278 шақырым құбыр тартылып, 2620 метр тереңдікте ұңғымалар қазылған. Құрылыс жұмыстарының орташа көрсеткіші 98 пайызға жеткен.

Таза ауыз су желілерінің жүргізілуі тек тұрмыстық жағдайды жақсартып қана қоймай, ауыл тұрғындарының денсаулығына оң әсер ететіні анық. Бұл жобалар арқылы бұрыннан су тапшылығын сезініп келген елді мекендердің мәселесі шешімін табуда. Сонымен қатар, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай келетін су жүйелері арқылы тұрғындардың өмір сүру сапасы жаңа деңгейге көтеріледі.

Ауыз су желілерімен бірге кейбір ауылдарда инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары да қатар атқарылып жатыр. Жергілікті әкімдік болашақта осы су жүйелерін ақылды басқару технологияларымен жабдықтауды көздеуде. Мұндай жүйе судың ысырапсыз пайдаланылуын бақылауға, ақауларды жылдам анықтап, шығынды азайтуға мүмкіндік береді.