
Ордабасы ауданында жаңадан ашылған Қ.Мұңайтпасов атындағы мәдени-спорттық кешенде аудан әкімдігінің қолдауымен және «Қажымұқан» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы рухына тағзым» атты тағылымды іс-шара өтті.
Бұл шараның басты мақсаты – халқымыздың даңқты перзенті, дала батыры, қазақтың алғашқы әлем чемпионы, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының ұлағатты өмірін насихаттау, оның өнегелі жолын жас ұрпаққа үлгі ету және ұлттық рухты жаңғырту. Атылған жиынға елге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылым мен мәдениет саласының өкілдері, Қажымұқантанушылар мен балуанның еліміздегі және Ресейдегі ұрпақтары, туыстары қатысты.
Іс-шараға қатысқан қонақтар қатарында мемлекет және қоғам қайраткері Әлімжан Құртаев, белгілі ғалым, тарихшы, жазушы, қоғам қайраткері Қойшығара Салғарин, филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Құлбек Ергөбек, қоғам қайраткері Ақайдар Ысымұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Абдолла Әбенов, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ доценті, ғылым докторы Досай Кенжетай, Армия генералы, С.Қ.Нұрмағамбет атындағы халықаралық қордың өкілі, республикалық «Қазақ» газетінің бас директоры Қали Қамбаров, белгілі спорт журналисі, ҚР спорт және мәдениет қайраткері Бақтияр Тайжан, сондай-ақ тарихшы, жазушы, “Аңыз бен ақиқат” кітабының авторы Бекжан Бейсенбай және өзге де зиялы қауым өкілдері болды.
Шараның ашылуында аудан әкімі Азат Оралбаев құттықтау сөз сөйлеп, балуанның ерлік жолы мен ұлттық рухты көтерудегі рөліне тоқталды. Кейін ауданның құрметті азаматы, ҚР мәдениет үздігі, ақын-композитор Құрманәлі Жылқыбайдың «Қажымұқан» әні шырқалып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, қатысушылар Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі мен ерлігін дәріптейтін көрмені тамашалады. Келушілер балуанның құрметіне салынған жаңа мәдени-спорттық кешенді аралап көріп, оның заманауи келбеті мен мазмұнды мүмкіндіктеріне жоғары баға берді. Салтанатты шара барысында қатысушылар Қажымұқан бабамыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Шара аясында қазақ күресінен спорттық жарыс. ғылыми конференция ұйымдастырылды.
