
Ордабасы ауданында дәстүрге айналған «Ауылым – Арыс жағасында» өнер фестивалі жоғары деңгейде өтті. Гала-концертте аудан өнерпаздары жиналған көрерменге тамаша көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, ұлттық салт-дәстүрге, халық қазынасына деген құрметтің жаңа қырынан айқындалуына куә болды.
Фестиваль аудан әкімдігінің бастамасымен жыл сайын өткізіліп келеді. Биылғы фестиваль аясында әр ауылдан келген өнер ұжымдары халық әндері мен заманауи туындыларды шырқады. Қолөнер шеберлері мен ауылшаруашылық өнімдерінің көрмелері, ұлттық дәстүр мен этноауыл көріністері мерекенің сәнін кіргізді. Әсіресе тұрғындардың белсенділігі, сахналық қойылымдардағы шығармашылық ізденіс көпшіліктің ықыласына бөленді.
Фестиваль қорытындысы бойынша:
Шұбарсу округі – І орын,
Қарақұм округі – ІІ орын,
Қараспан округі – ІІІ орын иеленді.
«Ауылым – Арыс жағасында» фестивалі бүгінде тек өнер мерекесі ғана емес, елдіктің, бірліктің, татулықтың, елге деген ыстық ықыластың белгісі ретінде қалыптасып отыр. Сонымен қатар жұртшылықты өнерге, мәдениетке баулып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үлкен үлес қосуда.
Фестиваль барысында ұйымдастырылған тұлғалық кездесулер мен шеберлік сағаттары жастар үшін ерекше әсерлі болды. Ауылдың жас өнерпаздары өздерінің таланттарын шыңдауға мүмкіндік алып, тәжірибелі мамандардан кеңес алды. Бұл шаралар жас ұрпақтың шығармашылығын дамытуға, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталды.
Мереке аясында ұйымдастырылған түрлі байқаулар мен жарыстар да көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Әсіресе, ұлттық ойындар, балаларға арналған қолөнер үйірмелері мен этноспорт түрлері көрермендер тарапынан үлкен қолдау тапты. Мұндай фестивальдер ауыл өмірінің рухани жаңғыруына жол ашып, тұрғындардың өз мәдениетін мақтан тұтуына себеп болары анық.
