Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы жылжымалы кітапхана пункттерінің санын арттырып келеді. Енді кезекті жетінші жылжымалы пункт өз жұмысын Оранғай елді мекенінде орналасқан «Самғау» оңалту орталығында бастамақ.

«Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі – бұл игі істің қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Жылжымалы пунктінің ашылуы – әлеуметтік қолдау мен мәдени орта қалыптастыру жолындағы тағы бір маңызды қадам.

Шараны «№6 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ директоры Гүлнұр Сауртаева мен облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Дана Хантөреқызы ашып берді. Кітапхананың лентасын қию құрметіне орталықта ем алушы Сатыбалды Байшуаков пен Райхан Амангелдиева ие болды.

–Кітапханамыздың сөрелерінде кітап санынының артуы – ерекше қажеттіліктері бар жандар үшін үлкен қуаныш. Бұл – орталықта қызмет алушылар үшін білімін жетілдіріп, уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуге қолайлы жағдай жасайды. Осындай әлеуметтік маңызы бар жобалар қоғамдағы тең мүмкіндіктерді дамытуға үлес қосады. Кітап қорын көбейтуге мүмкіндік сыйлаған кітапхана ұжымына алғыс білдіремін, – деді мекеме директоры Гүлнұр Баялықызы.

Аталған пунктке 300-ге жуық көркем, тарихи-танымдық, мотивациялық және әлемдік классикалық әдебиеттер жеткізілді. Бұл бастама – орталық қызмет алушыларының әдебиетке деген сұранысын қанағаттандыруға, рухани қолдау көрсетуге және оқырман мәдениетін дамытуға бағытталған.

Жаңа жылжымалы кітапхана пунктінің ашылуы қоғамдағы әлеуметтік теңдікті нығайтуға үлкен үлес қосып отыр. Бұл бастама, әсіресе ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың білім алуына, ақпаратпен қамтамасыз етілуіне, және мәдени тұрғыда дамуына мүмкіндік береді. Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы өз қызметін үнемі жаңартып, халыққа қолжетімді ету бағытында тың қадамдар жасап келеді. Оранғай елді мекенінде ашылған жетінші кітапхана пункті – осы бағыттағы маңызды бастама болып табылады.

Әлеуметтік қолдауды арттыруға бағытталған бұл жоба орталық қызмет алушыларының рухани қажеттіліктерін қанағаттандырып, оларды мәдени тұрғыда қолдау үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Жылжымалы кітапхана пункті кітапқұмар қауымға жаңа әдебиеттер мен мотивациялық кітаптарды ұсыну арқылы оқырман мәдениетін дамытуда маңызды рөл атқаратын болады. Мұндай шаралар қоғамдық белсенділікті арттырып, мәдениеттің дамуына зор әсер етеді.